Оқиға ауыл тұрғындарымен өткен қоғамдық кездесуде болған. Әкім жиын барысында өз эмоциясын ұстай алмай, қатысушыларға бейәдеп сөздер айтқан. Видео авторының айтуынша, сол сәтте жиын орнында полиция қызметкері де болғанымен, бұл шенеунікті тоқтатпаған.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі бейнероликті әлеуметтік желілерді бақылау кезінде анықтап, Қуаныш Төлеуханнан ресми түсініктеме талап еткен.
«ШҚО әкімдігі бұл материалдарды Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің этика жөніндегі кеңесіне жолдады. Кеңес мемлекеттік қызметшінің этика нормаларын бұзу мәселесін қарайтын болады», – деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі 7 қазан күні.
Әкімдік өкілдері этикалық емес мінез-құлыққа жол берілмейтінін және мұндай жағдайларда ең қатаң шаралар қолданылатынын атап өтті.
Оқиғадан кейін Қуаныш Төлеухан бейнеүндеу жариялап, өз әрекеті үшін кешірім сұрады.
«Жиналыс шамамен бес сағатқа созылды, пікірталас қызу жүрді. Сол сәтте өзімді ұстай алмай, дөрекі сөздер айтып қойдым. Бұл ісімнің дұрыс еместігін түсіндім және ауыл тұрғындарынан шын ниетпен кешірім сұраймын. Мен осы ауылда туып-өскен адаммын, ешкімді ренжіткім келмеді», – деді ол.
Бұған қоса, ШҚО полиция департаменті әкімге қатысты әкімшілік іс қозғалғанын растады.
«ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы, 1-бөлігі (“Ұсақ бұзақылық”) бойынша 36 жастағы азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс сотқа жолданды», – делінген ресми мәлімдемеде.
Аталған бап бойынша айыппұл мөлшері 20 АЕК (78 640 теңге) немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
Қазіргі уақытта этика кеңесі мен сот шешімі күтілуде. Облыс әкімдігі бұл оқиғадан кейін жергілікті билік өкілдерінің қоғаммен қарым-қатынас мәдениетін арттыруға бағытталған шараларды күшейтетінін хабарлады.