KZNews.kz
Әлем

Емі жоқ Нипах вирусы тарады: Қазақстандықтарға ескерту жасалды

Қайсар Қанат
pexels.com

Үндістанда әзірге емі табылмаған аса қауіпті Нипах вирусының таралуы тіркелді. Осыған орай Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі ел аумағында бұл вирусты жұқтыру немесе сырттан әкелу фактілері анықталмағанын мәлімдеді. Дегенмен ведомство қауіпті аймақтарға баруды жоспарлаған азаматтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға және денсаулық жағдайына мұқият болуға шақырды, деп хабарлайды kznews.kz.

Министрлік мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Алайда халықаралық сапарлардың көбеюі жұқпалы аурулардың басқа елдерге таралу қаупін арттырып отыр.

Нипах вирусы деген не?

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы дерегіне сәйкес, Нипах – зооноздық инфекция. Ол адамға көбіне жарқанаттар мен шошқалардан, вирус жұққан тағам өнімдері арқылы, сондай-ақ науқаспен тығыз байланыс кезінде жұғады. 1998-1999 жылдары Малайзия мен Сингапурда тіркелген індет кезінде вирус алдымен жарқанаттар арқылы азық пен су көздеріне тарап, кейін үй жануарларына, соның ішінде шошқаларға жұққан. Ал адамдар вирус жұқтырған жануарлармен немесе олардың бөлінділерімен байланыс барысында ауырған.

Мамандар Оңтүстік Азияның кейбір өңірлерінде бұл инфекцияның маусым сайын қайталанып шығатынын айтады. Туризм, іссапар және еңбек көші-қоны да вирустың басқа мемлекеттерге таралу қаупін күшейтеді.

Вирус қай жерде анықталды?

Қазіргі таңда Үндістанның Батыс Бенгалия штатында Нипах вирусын жұқтырған бес адам тіркелген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл инфекцияны жоғары қауіп төндіретін патогендер қатарына енгізген. Осыған байланысты мамандар алдын алу шараларына ерекше мән беруге кеңес береді: жабайы және үй жануарларымен байланыстан аулақ болу, жеке гигиенаны сақтау, тек қауіпсіз ауызсуды пайдалану, шикі құрма шырынын ішпеу, жеміс-жидек пен көкөністерді мұқият жуу.

ҰҚДОО өкілдері дене қызуының көтерілуі, жөтел, қатты бас ауруы секілді белгілер пайда болған жағдайда дереу дәрігерге қаралып, соңғы уақытта қауіпті аймақтарда болғаныңызды міндетті түрде айту қажет екенін ескертті.

Айта кетейік, Үндістанда анықталған барлық жағдайлар медицина қызметкерлері арасында тіркелген. Алғашқы науқас белгілі болған соң шамамен 100 адам үй карантиніне алынған.

Мамандар Нипах вирусы секілді инфекциялардың мутацияға бейімділігі жоғары екенін атап өтті. Климаттың өзгеруі, орман алқаптарының азаюы және урбанизация адамдар мен жабайы табиғат арасындағы байланысты күшейтіп, жануарлардан адамға жұғатын аурулар қаупін арттырып отыр.

ДДСҰ мәліметінше, Нипах вирусының өлім-жітім деңгейі өте жоғары – штамына қарай 40-75 пайызға дейін жетуі мүмкін. Ал аман қалған науқастарда ұзақ мерзімді неврологиялық асқынулар байқалуы ықтимал.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →