ка

Елордада өткен «Бірлік жүгірісі–2025» марафонына 3000-нан астам адам қатысты

02.05.2025 09:21
0
236
Елордада өткен «Бірлік жүгірісі–2025» марафонына 3000-нан астам адам қатысты
фото: gov.kz
Жарыс еліміздің 20 өңірінде бір уақытта өтіп, түрлі жастағы және ұлт өкілдерін біріктірді.

1 мамырда елордада Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына орай «Бірлік жүгірісі–2025» республикалық марафоны өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты. «Бірлікке 30 жыл – Ассамблеяға 30 жыл» ұранымен өткен шараға 3000-нан астам адам қатысты.

Жүгіру бағыты ЭКСПО аумағынан басталып, «Бәйтерек» монументіне дейін, одан кейін Түркістан және Ақмешіт көшелері арқылы қайтып оралды. Жарысқа кәсіби спортшылармен қатар салауатты өмір салтын ұстанатын түрлі жастағы және ұлт өкілдері қатысты.

Елордадағы марафонға өзге өңірлерден келген желаяқтар да қосылды. Себебі бұл жарыс еліміздің 20 облысында қатар өтті. Шараның басты мақсаты – ел ішіндегі бірлік пен достықты және денсаулықты насихаттау болды.

«Спорт бәрімізді бір арнаға тоғыстырады. Бүгін әртүрлі ұлттар мен түрлі жастағы адамдардың арасында жүгірдім – міне бұл ұлттар арасындағы нағыз достықтың белгісі», – деді қатысушылардың бірі.

Жарыс әртүрлі қашықтықтарда өтті. Балалар мен ерекше қажеттілігі бар жандар үшін 1 км, скандинавиялық жүріске 5 км, ал бұқаралық қолдау жүгіруіне арналған бөлек бағыттар белгіленді. Тәжірибелі спортшылар 10 және 21,1 км сертификатталған жолда бақ сынады. Сонымен қатар 30 км (6×5 км) қашықтықтағы командалық эстафета ұйымдастырылды, әр топ құрамында кем дегенде бір әйел болуы талап етілді.

Жарыс соңында қатысушылар «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, айналаны қоқыстан тазартты. Марафон Бірлік күніне арналған шаралар легінің бір бөлігі болды. Бұл күні елордада көрмелер, викториналар, концерттер мен түрлі спорттық жарыстар өтті. 

Пікірлер
(0)
Бұл жерде әлі ештеңе жоқ
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий