Ресейлік миллиардер Александр Галицкийдің бұрынғы жұбайы Алия Галицкая уақытша ұстау изоляторында (ИВС) өз-өзіне қол жұмсады, деп хабарлайды kznews.kz.
Baza Telegram-арнасының мәліметінше, өткен жұма күні Алия Галицкая экс-күйеуінен ақша бопсалады деген күдікпен Мәскеу облысында ұсталған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол бұрынғы жұбайымен кездесулер кезінде және телефон арқылы 150 миллион АҚШ долларын (шамамен 72 млрд теңге) талап етіп, компромат жариялаймын деп қорқытқан.
Бұған дейін Галицкая ортақ мүлікті бөлу жөнінде сотқа талап арыз берген. Осы іс аясында Александр Галицкийге тиесілі 435 миллион рубль (шамамен 2,7 млрд теңге) көлеміндегі мүлікке тыйым салынған. Атап айтқанда, Патриаршие прудыларындағы пәтер, екі автотұрақ орны, қала сыртындағы үй және "Тургенев" клубтық кешеніндегі апартаменттер бұғатталған.
Сот Алия Галицкаяны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарғанымен, ол тергеу изоляторына жеткізілмеген. Күдікті ИВС камерасында көз жұмғаны хабарланды.
Айта кетейік, Александр Галицкий – Шығыс Еуропа мен Батыстағы ең ықпалды венчурлық инвесторлардың бірі. Ол жоғары технологиялар саласының "архитекторы" ретінде танылып, оның қорлары жүздеген миллион долларды басқарады.