Қазақ әдебиеті қара жамылды. Белгілі ақын, қоғам қайраткері, Моңғолия және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зуқай Шәрбақынұлы дүниеден өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Зуқай Шәрбақынұлы 1940 жылы Моңғолияда дүниеге келген. Ол Моңғол педагогикалық институты мен Партия жоғары мектебін тәмамдаған.
Еңбек жолында Моңғолияның батысындағы қазақтар шоғырланған Баян-Өлгий аймағында спорт және әкімшілік салаларында жауапты қызметтер атқарды. 1960 жылдардан бастап әдебиетке бет бұрып, өлең, дастан, толғау, поэма, тарихи хикаялар мен ғұмырнамалық шығармалар жазды. 1970–1990 жылдары Моңғолияда «Көкпар», «Ақ жаңбыр», «Сыр маржандары», «Көңілдің көкжиегі», «Жайлау сазы» сынды жыр жинақтары жарық көрді.
1975 жылдан Моңғолия Жазушылар одағының, ал 1993 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанды. 1992 жылы тарихи Отанына оралып, Қазақстанда да еңбек жолын жалғастырып, түрлі қызметтер атқарды.
Тәуелсіздік жылдары оның «Киелі қанның тамшысы», «Нар тұлға», «Бедерлі ғұмыр», «Қияда түлеген қыран», «Қойтасты қойнауы жасырған сыр» атты прозалық еңбектері мен «Айбыным – Атамекенім», «Аспан асты – кең мекен», «Тылсым тірлік тағылымы», «Өмірдің өң бедері», «Қарт жүректің алауы» секілді жыр жинақтары оқырманға жол тартты.
Қаламгер өмірінде 20-дан астам кітап жазып, көптеген республикалық жыр мүшайраларының жүлдегері атанды.
Қазақстан Жазушылар одағы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, қаламдас әріптестеріне көңіл айтып, оның қазасы қазақ әдебиеті үшін орны толмас ауыр қайғы екенін атап өтті.