Қазақстанда электромобильдерді кедендік баж бен қосылған құн салығынсыз (ҚҚС) әкелуге арналған жеңілдікті бағдарлама бойынша белгіленген 15 мың көліктің квотасы толық пайдаланылды.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2025 жылғы 15 қазанға қарай елге 15 000 электромобиль әкелінген. Бағдарлама аяқталған жоқ, тек Еуразиялық экономикалық комиссия белгілеген жылдық лимит толық орындалды.
Комитет өкілдері жеңілдіктердің 14 қазаннан бастап күшін жойғаны туралы ақпаратты теріске шығарды. Ережелер мен нормативтік актілер өзгермеген. Кедендік одақ комиссиясының шешіміне сәйкес, электромобильдерге кедендік баж салығынан босату түріндегі тарифтік жеңілдік қолданылады.
Электромобильдерге екі түрлі кедендік режим қолданылады:
- ЕАЭО бірыңғай кедендік тарифі бойынша — 6 АЕК кедендік алым, 12% ҚҚС және 15% кедендік баж салығы;
- Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) алдындағы міндеттемелер шеңберінде — 6 АЕК кедендік алым және 12% ҚҚС (кедендік баж салығы — 0%).
Бұған қоса, электромобильдер көлік салығынан босатылады. Егер көлік тек электр қозғалтқышымен жабдықталған болса, салық салынбайды. Ал гибридтерге салық іштен жану қозғалтқышының көлеміне қарай есептеледі.
Бағдарлама аяқталғаннан кейін не өзгереді?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап электромобильдерді әкелуге ҚҚС салына бастайды. Автокөлік сарапшысы Эдуард Эдоковтың айтуынша, бұл бағалардың кемінде 16 пайызға, ал іс жүзінде 18–20 пайызға қымбаттауына әкеледі.
«Бұл мәселе Қазақстан тарапынан көтерілген жоқ. Ұлттық экономика және Сауда министрліктері бұл бағытты басымдық деп санамай отыр», — деді сарапшы.
Эдоковтың дерегінше, 2022 жылы елде 700-ге жуық электромобиль болса, 2025 жылдың соңына қарай олардың саны 20 мыңнан асады деп болжанып отыр. Бағдарлама халыққа электр көлігінің тиімділігін, отын шығынының аздығын, қызмет көрсетуінің қарапайымдылығын сезінуге мүмкіндік берді.
Жеңілдіктердің аяқталар тұста Қорғас кеден бекетінде кезек көбейіп, дилерлер тапсырыстың күрт өскенін тіркеген.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан бағдарламаны ЕАЭО шеңберінде жалғастырмаса да, электротранспортты ұлттық деңгейде қолдау тетіктерін қарастыра алады.