21 қараша күні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Венесуэла басшысы Николас Мадуро телефон арқылы сөйлескен. Екі жақтың не туралы сөз қозғағанын шетелдік басылымдар енді жариялай бастады, деп хабарлайды Alash.kz.
The Telegraph дерегінше, Мадуро биліктен кетуге дайын екенін айтып, Трампқа бірнеше талап қойған. Ол жеке активтерінен 200 миллион долларды сақтап қалуға және қауіпсіздігі үшін үшінші елден баспана беруді сұраған.
Reuters мәліметіне қарағанда, Мадуро отставкаға келісетінін, бірақ өзі және отбасы толық амнистия алуы тиіс екенін жеткізген. Бұған АҚШ-тың барлық санкцияларын алу, халықаралық қылмыстық сотта қозғалған істі жабу сияқты талаптар да кірген.
Бұдан бөлек, Мадуро адам құқықтарын бұзу, есірткі саудасы және жемқорлық бойынша айыпталған 100-ден астам венесуэлалық шенеунікке салынған санкциялардың күшін жоюды сұраған.
Дереккөздер айтуынша, Мадуро жаңа сайлау алдында уақытша үкіметті қазіргі вице-президент Делси Родригес басқаруын ұсынған. Сондай-ақ өзіне және жақтастарына қауіпсіздік кепілдігі қажет екенін атап, Латын Америкасы аумағында қалуды жөн көрген. Ал Трамп оған баспана ретінде Қытай немесе Ресейді қарастыруды ұсынған.
15 минутқа жетпейтін телефон әңгімесі кезінде Трамп Мадуроның шарттарын қабылдамай, оның отбасымен бірге Венесуэладан шығуына бір апта уақыт берілгенін айтқан.
Reuters дерегіне сүйенсек, бұл мерзім 28 қарашада аяқталған. Алайда Мадуро елден кетпеген. Осыдан кейін Дональд Трамп АҚШ-тың Венесуэла әуе кеңістігін жабатынын мәлімдеді.