Угандада оқушылар мінген мектеп автобусы ауыр жол апатына ұшырап, 20 бала мен бір ересек адам қаза тапты. Тағы бірнеше адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды kznews.kz.
Уганда полициясының өкілі Майкл Кананураның мәліметінше, оқушылар білім беру экскурсиясы аясында Сипи сарқырамасына барған. Қайтар жолда автобус жүргізушісі көлік тізгінін игере алмай қалған.
Алдын ала дерек бойынша, автобус жолдан шығып кетіп, жол жиегіндегі үлкен тасқа соғылғаннан кейін аударылған.
Апат салдарынан 20 оқушы мен бір ересек адам оқиға орнында көз жұмды. Үш ер адам мен бірнеше кәмелетке толмаған бала әртүрлі дене жарақатын алған.
Қаза тапқандардың мәйіттері медициналық сараптама жүргізу үшін моргқа жеткізілді. Құзырлы органдар жол апатының нақты себептерін анықтау мақсатында тергеу жұмыстарын бастады.