Корпоративтік несие портфелі: шағын бизнес әлі де мемлекеттік қолдауға тәуелді
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Экс-министр жастарға жөн сілтеді: грантқа ілікпеген талапкер не істеуі керек?

Экс-министр жастарға жөн сілтеді: грантқа ілікпеген талапкер не істеуі керек?
фото: ашық дереккөз

Биыл жоғары оқу орнына түсуге ниетті талапкерлер үшін грант конкурсы оңай болған жоқ.

Мемлекет бакалавриатқа 75 371 грант бөлсе, оған шамамен 127 мың талапкер таласты. Демек, талапкерлердің едәуір бөлігі мемлекеттік гранттан тыс қалды. Алайда бұл олардың жоғары білім алу мүмкіндігі аяқталды деген сөз емес.

Бұрынғы министр, экс- депутат Асхат Аймағамбетов грантқа іліге алмаған талапкерлердің мүмкіндігі әлі де бар екенін айтып, бірнеше маңызды кеңес беріп отыр. Оның сөзінше, ең алдымен, жастар әкімдік гранттарын қарауы керек. Өйткені, жергілікті бюджеттерден де бірнеше мың грант бөлінеді. Бұдан бөлек, "Қазақстан халқына" қорының гранттары тағы бар.

Мұның сыртында грант конкурсының өзінде де мүмкіндік сақталады. Себебі, грант алған талапкерлердің барлығы бірдей оқуын бастай бермейді екен. Бірі басқа оқу орнына түседі, енді бірі шетелде оқуды таңдайды немесе түрлі себеппен грантынан бас тартатын жағдайлар жиі болады. Осындай жағдайда босаған орындар белгіленген тәртіппен қайта бөлініп, конкурс нәтижесінде келесі орында тұрған талапкерлердің бір бөлігі грантқа ие болуы мүмкін.

Аймағамбетовтің айтуынша, талапкердің тағы бір жолы университетке ақылы негізде түсіп, кейін бос грантқа ауысу. Ол үшін студенттің оқу үлгерімі жақсы, GPA көрсеткіші жоғары болуы маңызды. Сонымен бірге көптеген жоғары оқу орындарының өз ішкі гранттары мен жеңілдіктері бар.

- Жастарға бір жыл жоғалтуды үлкен мәселе деп қараудың да қажеті жоқ. Талапкер келесі жылы ҰБТ-ны қайта тапсырып, грантқа тағы да бақ сынай алады. Бұл тәсілдің тиімділігін өзімнің тәжірибемнен білемін. Бір жыл жүйелі дайындықпен өтіп, келесі конкурсқа анағұрлым жақсы нәтижемен қатысуға болады, - дейді Асхат Аймағамбетов.

Тағы бір ескеретін бағыт колледждерді таңдау. Қазір еңбек нарығында техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарға сұраныс жоғары. Колледжде грант негізінде білім алып, белгілі бір кәсіпті меңгерген жас кейін жоғары білімін университетте жалғастыра алады.

Жалпы, биылғы гранттардың бөлінісі мемлекет үшін қандай мамандықтардың басым екенін көрсетті. Яғни, гранттардың едәуір бөлігі инженерлік-техникалық, IT, педагогикалық және жаратылыстану бағыттарына берілді. Бұл еңбек нарығындағы сұраныс пен экономиканың жаңа құрылымына қажетті кадр даярлауға басымдық беріліп отырғанын аңғартады.

- Сондықтан биыл грантқа іліге алмаған талапкердің жағдайына бір ғана көрсеткішпен қарауға болмайды. Мемлекеттік грант – жоғары білім алудың маңызды тетігі болғанымен, жалғыз мүмкіндігі емес. Әкімдік гранты, «Қазақстан халқына» қорының қолдауы, босап қалған гранттар, ЖОО-ның ішкі гранты, ақылы бөлімнен грантқа ауысу, келесі жылы ҰБТ тапсыру немесе колледж арқылы білім жолын жалғастыру сияқты бірнеше мүмкіндік бар, - деп жазады жастарға арнаған өз ақыл-кеңесінде бұрынғы Білім министрі Аймағамбетов.

Ең бастысы грант тізімінен өз есімін көрмеген жас "бәрі бітті" деген ойға берілмеуі керек екен. Өйткені, грантқа түсе алмау білім алуға жол жабылды деген сөз емес. 

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.