Өзін экс-депутат Аккулу Бердиевтің жұбайымын деп таныстырған Бермет Ормонова Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиевке бейнеүндеу жолдады. Ол күйеуінің өзін ұрғанын айтып, көмек сұрады, деп kznews.kz тілшісі 24.kg сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бермет Ормонованың айтуынша, ол 60 жаста, бес баланың анасы. Әйел күн сайын күйеуінің үйге келіп, ұрып-соғуынан қорқып өмір сүретінін жеткізді.
"Күн сайын оның келіп, мені ұра бастайтын сәтін күтіп отырамын. Күйеуім мені үйден қуып шығады. Бұл үйді өз қолымызбен салдық, алайда ол мүлік әпкесінің атына жазылған деп айтады. Ол бірнеше рет үйленіп үлгерді, мен балалар үшін бәрін кешіріп келдім. Бірақ ол балаларды да, мені де ұра бастағанда, өмірімізге нақты қауіп төнген соң, қоғамға жүгінуге мәжбүр болдым", – деді Бермет Ормонова. Ол күйеуін көп әйел алушылыққа да айыптады.
Қазіргі таңда Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті бұл бейнеүндеуге қатысты ресми пікір білдірген жоқ.
Еске сала кетейік, Аккулу Бердиев Қырғызстан Жогорку Кенешінің VII шақырылымының депутаты болған. Ол мандатты Адахан Мадумаровтан алған. Сол кезде Бердиев "Бүтүн Кыргызстан" партиясының мүшесі еді. Бұған дейін ол VI шақырылым парламентінде "Республика – Ата Журт" партиясы атынан депутат болған.