Мәжілістің бұрынғы депутаты, заңгер Бақытжан Базарбек «Халық сүйіктісі» ұлттық сыйлығының «2026 жылдың үздік Парламент депутаты» номинациясында жеңімпаз атанды. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышты жаңалығын бөлісіп, қолдау көрсеткен қазақстандықтарға алғыс айтты.
Бақытжан Базарбек бұл марапаттың өзі үшін ерекше маңызға ие екенін жеткізді. Оның айтуынша, халықтың қолдауы мен сенімі – атқарған еңбегінің бағаланғанының белгісі.
"Халықтың мүддесін бірінші орынға қоятын мен үшін бұл марапаттың орны ерекше. Өйткені бұл – халықтың маған берген бағасы, еңбегіме көрсеткен құрметі", – деп жазды ол.
Базарбек халық алдындағы жауапкершілік пен қоғам мүддесін қорғауды әрдайым басты орынға қойғанын айтты.
"Биліктің сүйіктісі болмасам да, халқымның сүйіктісі болуға тырыстым. Сол сара жолда талай сыннан өтсем де, халқымның мүддесі әрдайым жүрегімнен орын алды. Бүгінгі марапат – соның бір дәлелі деп білемін", – деді экс-депутат.
Ол өзі үшін атақ пен марапаттан гөрі Парламенттегі жұмысының нақты нәтижесі маңызды екенін атап өтті. Базарбек заңнаманы жетілдіру, сыбайлас жемқорлықты азайту және қоғамдағы әділеттілікті нығайту бағытында атқарған еңбегінің ел өміріне қаншалықты ықпал еткені маңызды деп есептейді.