Ел экономикасының өсіміне қатысты халықаралық қаржы институттарының болжамы әзірге өзгерген жоқ.
Мысалы, қыркүйек айында Азия даму банкі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстанның экономикалық өсім болжамдарын қайта қарамай, бұрынғы деңгейде сақтап қалды.
Азия даму банкінің жақында жарық көрген "Asian Development Outlook" есебіне сәйкес, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2026 жылы 4,8 пайызға, 2027 жылы 4,5 пайызға өседі. Инфляция биыл 10,4 пайыз, келесі жылы 9,5 пайыз деңгейінде болады деп болжанған.
Бұл ретте Қапқаз, Орталық және Батыс Азияны қамтитын өңірлер бойынша 2026 жылғы өсім болжамы 3,8 пайыздан 3,7 пайызға төмендетілген. Азия даму банкі мұны сыртқы сұраныстың әлсіреуімен байланыстырады. Ал Қазақстан бойынша болжамның өзгермеуі ел экономикасының сыртқы факторларға төзімділігіне белгілі бір деңгейде сенім бар екенін көрсетеді.
Бірақ, бұл жерде өсімнің қай салалар есебінен қалыптасып отырғаны маңызды екен. Талдауға сәйкес 2026 жылдың бірінші жартысында Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі 9,8 пайызға, құрылыс 15,2 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,4 пайызға өскен. Жеке тұтыну көлемі шамамен 5 пайызға артады деп бағаланған. Ал инвестицияның 8 пайызға өсуі 'Бәйтерек" холдингі мен "Самұрық-Қазына" жобаларымен байланыстырылады. Яғни, экономикалық өсімде мұнай өндірумен қатар өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларының үлесі артып келеді. Азия даму банкі келесі жылы да өсімнің негізгі тірегі ретінде осы бағыттарды атап отыр.
Айтпақшы, Еуропалық қайта құру және даму банкінің қыркүйектегі "Өңірлік экономикалық перспективалар" есебіндегі бағалау да осыған жақын. Банк Қазақстан экономикасы 2026 жылы 4,7 пайызға, 2027 жылы 4,5 пайызға өседі деп болжап отыр. Бұл көрсеткіштер маусым айындағы болжаммен салыстырғанда өзгермеген.
Жалпы, екі халықаралық қаржы институтының бағаларындағы айырмашылық аз болғанымен, ортақ тұсы маңызды. Екеуі де Қазақстан экономикасының өсімін тек шикізат секторымен байланыстырмайды. Негізгі назар нақты секторға, инвестицияға және ішкі сұранысқа аударылған екен.
Дегенмен, жоғары экономикалық өсім мен халықтың әл-ауқаты бір ұғым емес. Азия даму банкі инфляцияның 2026 жылы 10 пайыздан жоғары болатынын болжап отыр. Демек, номиналды экономикалық өсімнің бір бөлігі бағаның қымбаттауына байланысты жұтылуы мүмкін.
Сондықтан қазіргі болжам Қазақстан экономикасында өсімнің сақталатынын көрсеткенімен, оның сапасы мен халықтың нақты табысына әсері бөлек мәселе болып қала береді.
Қысқасы, әзірге халықаралық институттардың бағасы Қазақстан экономикасының сыртқы тәуекелдерге қарамастан өсім қарқынын сақтай алатынын көрсетеді. Ал бұл өсімнің қаншалықты тұрақты болатыны мұнай бағасынан гөрі өңдеу өнеркәсібі, инвестиция, еңбек өнімділігі және ішкі сұраныстың нақты динамикасына тәуелді болмақ.