Белгілі продюсер Баян Алагөзова әлеуметтік желідегі парақшасында отандық өнерпаздарға қатысты пікірлерге байланысты ренішін білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Продюсер соңғы уақытта әлеуметтік желіде шетелдік және қазақстандық әртістерді салыстырып, отандық өнер иелерін төмен бағалаған пікірлердің көбейгеніне наразылығын жеткізді.
Ол жазбасында америкалық рэпер Канье Уэстің Алматыдағы концертіне қатысты пікірталасқа да тоқталды. Алагөзованың айтуынша, шетелдік жұлдыздарға көрсетілетін құрмет пен отандық өнерпаздарға деген көзқарастың арасында айырмашылық болмауы керек.
«Дауласып шаршадым. Канье – керемет! Ол жүрген жоқ, ол ұшты! Бізге салют керек емес! Біз екінші сортпыз ғой! Лентаға қарасам, көбісі осыны мойындаған сияқты», – деп жазды продюсер.
Баян Алагөзова қазіргі уақытта Францияда демалып жүргенін айтып, алдағы уақытта Астанада өз әртістерінің қатысуымен концерт өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл шарада салют болмайды, ал билеттер шетелдік концерттермен салыстырғанда қолжетімдірек болады.
«Мен Франциядамын, кішкене демаламын. “Екінші сортты” әртістерімнің екінші концертін өткіземін, әрине салютсіз. Сіздерді Астанада күтемін. Билеттер әлдеқайда арзан болады. Біз “өзіміздің адамдармыз” ғой», – деді ол.
Продюсер отандық өнерпаздардың кәсіби деңгейіне күмән келтіретін көрермендерге де үн қатты. Ол мұндай адамдарды өзінің ұйымдастыратын концерттеріне келмеуге шақырды.
«Біздің кәсібилігімізге күмән келтіретін адамдардың келмеуін өтінемін», – деп жазды Баян Алагөзова.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда өткен Канье Уэсттің концертінде пиротехникалық шоу ұйымдастырылғаны айтылған еді. Ал сол стадионда бұған дейін өнер көрсеткен KeshYOU тобының концерті кезінде салют атуға рұқсат берілмегені продюсердің наразылығын тудырған.
Баян Алагөзованың бұл жазбасы отандық және шетелдік өнерпаздарға жасалатын жағдай, концерттерге қойылатын талаптар және шоу-бизнес өкілдерінің кәсіби деңгейіне қатысты пікірталасты қайта жандандырды.