Екібастұз қаласындағы пәтерлердің бірінен зорлық белгілері бар әйелдің мәйіті табылды. Адам өлтіруге күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға Әуезов көшесіндегі №24 үйде болған. Пәтердің есігі ашылмағандықтан, полиция шақырған Жедел-құтқару жасағының мамандары оны бұзып кіруге мәжбүр болған.
Баспана ішінен аяқ-қолының бөліктері кесілген әйелдің мәйіті табылған. Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.
Павлодар облыстық полиция департаменті адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады», – делінген ведомство хабарламасында.
Құқық қорғау органдары Қазақстан Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеуге қатысты өзге мәліметтер жарияланбайтынын мәлімдеді.