Үндеуде Хайрушевтің ата-анасы Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшінің отбасыларына көңіл айтты. Сондай-ақ өздерінің де бұған дейін екі ұлынан айырылғанын жеткізді.
"Ең алдымен, оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Біз олардың қайғысын терең түсінеміз, өйткені өзіміз де осындай қасіретті бастан өткеріп, екі ұлымыздан айырылғанбыз", – деді Данияр Хайрушевтің әкесі.
Ата-анасы ұлдарының болған жағдайға қасақана жол беруі мүмкін дегенге сенбейтінін айтты.
"Бүгін ұлымыз Данияр туралы бірнеше ауыз сөз айтқымыз келеді. Ол адал, тәртіпті әрі жауапкершілігі жоғары азамат болып өсті. Ешқашан өзгелердің есебінен жеке пайда іздеген емес, біреудің дүниесіне көз тіккен жоқ. Ұлымыз мұндай жағдайға қасақана жол беруі мүмкін дегенге сенбейміз", – деді әкесі.
Олар Мемлекет басшысынан тергеудің әділ әрі объективті жүргізілуіне назар аударуды сұрады.
"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, біз Сізге ата-ана ретінде жүгініп, тек әділдік пен объективті тергеуді сұраймыз. Оқиғаның барлық мән-жайы толық анықталып, асығыс қорытынды жасалмайды деп үміттенеміз. Біз қаза тапқандардың отбасыларының қайғысына ортақпыз және оқиғаға қатысы бар барлық адамға қатысты әділ шешім болғанын қалаймыз. Қаза тапқан әскери қызметшілердің жаны жәннатта болсын", – деді Данияр Хайрушевтің анасы.
Данияр Хайрушев Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты қозғалған іс аясында ұсталғандардың қатарында. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.