"Өнер қырандары" театрының актері Мадияр Серікбаев сахнада өнер көрсетіп жүрген сәтте анасынан айырылған. Қаралы хабарды естіген әріптестері оны қойылым аяқталғанша айтпауды ұйғарған. Бұл туралы актер Жанболат Найзабеков мәлімдеді.
Жанболат Найзабеков журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында театр ұжымы басынан өткерген ауыр оқиғаны еске алды.
Оның айтуынша, сол күні Мадияр Серікбаев сахнада анасының қабірінің басына келген ұлдың рөлін сомдап жатқан. Дәл осы сәтте актердің анасының қайтыс болғаны туралы хабар жеткен.
"Мадияр анасының қабірінің басына келіп тұрған баланы ойнап жатыр. "Анашым, кешірші" деп. Мына жақта менің телефоным шырылдауда. Мәкеңе әпкесі қоңырау шалып жатыр. Телефонын көтерсем, «мамадан айырылып қалдық", – дейді", – деп еске алды Жанболат Найзабеков.
Қаралы хабарды театрдағы алты әріптесі естіген. Алайда олар Мадиярға бұл жағдайды бірден айтуға батылдары бармаған.
Актердің сөзінше, Мадиярдың анасы бұған дейін қатты науқастанып, өмірінің соңғы кезеңінде жүріп-тұрудан қалған.
Театр ұжымы ауыр хабарды естіген сәтте не істерін білмей абдырап қалған. Дегенмен олар қойылымға келген көрермендерді және әріптестерінің жағдайын ескеріп, үнсіз қалуды шешкен.
"Екі сеанс бойы айтпадық. Сағат онда концерт бітті. Мәкең келіп, гримеркада бетін сүртіп жатыр. Мұндай жаңалықты ол да күткен жоқ", – деді актер.
Жанболат Найзабековтің айтуынша, әріптестері бұл шешімді оңай қабылдамаған. Олар қаралы хабарды жасырып қалғандары үшін өздерін кінәлі сезінген.
Алайда Мадияр Серікбаев анасының дүниеден өткенін білсе, қойылымды жалғастыруға шамасы келмейтінін түсінген.