Қазақстан энергетика нысандарын дрондардан қорғауға арналған арнайы жүйе әзірлеуді жоспарлап отыр. Жүйе ұшқышсыз аппараттарды анықтап, қажет болған жағдайда олардың жұмысын басуға мүмкіндік бермек. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазақстан энергетика саласының цифрлық қауіпсіздігін күшейтуді жоспарлап отыр. Бұл бағытта жасанды интеллект арқылы кибершабуылдарды анықтау, нысандарды қорғау және дрондарға қарсы жүйелер әзірлеу көзделген.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенжановтың айтуынша, цифрландыру қауіпсіздіктің екі негізгі бағытын қамтиды.
Бірінші бағыт – киберқауіпсіздік. Жасанды интеллект киберқауіптерді анықтауға, энергетикалық нысандардағы басқару жүйелерін қорғауға және мамандарды ықтимал кибершабуылдарға дайындауға көмектеседі.
Екінші бағыт – нысандарды физикалық қорғау. Оның ішінде энергетикалық инфрақұрылымға жақындаған ұшқышсыз ұшу аппараттарын анықтап, олардың жұмысын басу технологияларын әзірлеу қарастырылып жатыр.
«Бір жағынан, біз киберқауіптерді анықтап, нысандардағы басқару жүйелерін қорғаумен айналысамыз. Екінші жағынан, нысандардың физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Соның ішінде ұшқышсыз аппараттарды анықтау және басу технологияларын үйреніп жатырмыз», – деді министр.
Бұл екі бағытты ACR Center – отын-энергетика кешенінің киберфизикалық тұрақтылығы саласындағы перспективалық әзірлемелер орталығы біріктіреді.
2026 жылы энергетика саласында алғашқы ENERFORT кибероқулары өткізілген. Мұндай жаттығуларды жыл сайын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Энергетика саласында цифрлық егіздер пайда болады
Министрлік энергетика нысандарының цифрлық егіздерін де енгізіп жатыр. Бұл – нақты нысандардың виртуалды көшірмесі. Оның көмегімен кәсіпорынның жұмысын модельдеуге және процестерді нақты уақыт режимінде бақылауға болады.
«ҚазМұнайГаз» компаниясы «Ембімұнайгаз» кен орнында цифрлық егізді қолданудың пилоттық жобасын іске қосты. Жүйе қабат, ұңғымалар және өндірістік инфрақұрылым туралы деректерді біріктіреді.
Жоба кеңейтілген жағдайда қосымша 2,9 млн тоннаға дейін мұнай өндіруге мүмкіндік беруі мүмкін.
Апат санын 25%-ға азайту көзделіп отыр
Энергетика министрлігі цифрлық технологияларды енгізу арқылы нысандардағы апаттылықты 25%-ға төмендетуді, ал энергия ресурстарының шығынын 90%-ға қысқартуды көздеп отыр.
Осы мақсатта мұнай мен мұнай өнімдерінің қозғалысын ұңғымадан бастап жанармай құю станциясына дейін бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай есеп жүйесі енгізілмек.
Министрлік 2026 жылдың соңына дейін жасанды интеллект негізіндегі басым шешімдердің тізілімін, цифрлық егіздердің мақсатты архитектураларын және киберфизикалық қауіпсіздік архитектурасын бекітуді жоспарлап отыр.
Бұл кәсіпорындарға дайын типтік шешімдерді пайдаланып, тиімді жобаларды басқа нысандарға жылдам енгізуге мүмкіндік береді.
Қазақстанның энергетика саласын толық цифрлық трансформациялау процесін 2029 жылға дейін аяқтау жоспарланған.
Бұған дейін министрлік энергетика саласына арналған 45 жасанды интеллект жобасынан тұратын портфель қалыптастырғанын хабарлаған. Олардың жиынтық экономикалық тиімділігі жылына шамамен 23 млрд теңге деп бағаланып отыр.