Астанада Ұлттық домбыра күніне орай Орталық саябақта «Мерекелік саябақ» атты ауқымды қалалық фестиваль өтіп жатыр. Таңғы сағат 12:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жалғасатын мерекелік бағдарлама қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық мәдениетті заманауи форматта таныстырып, көтеріңкі көңіл күй сыйлауға бағытталған, деп хабарлайды kznews.kz.
Астана қаласы Мәдениет басқармасына қарасты Мәдени-демалыс іс-шараларын өткізу жөніндегі дирекцияның өкілі Әлия Бұрханованың айтуынша, фестиваль аясындағы бағдарламалар ең алдымен балалардың қызығушылығын ескере отырып әзірленген.
«Орталық саябақтың бүкіл аумағында цирк әртістері, қуыршақ театры мен аниматорлар өнер көрсетеді. Әрбір ойынға қатысқан балаға арнайы сыйлықтар табысталады. Сонымен қатар жастықпен шайқас, радиобасқарылатын көліктер жарысы секілді балаларға арналған түрлі ойын-сауық ұйымдастырылған. Күні бойы қазақ тіліндегі мультфильмдер көрсетіледі», – деді Әлия Бұрханова.

Фестиваль барысында лабиринт, сурет салу бойынша шеберлік сағаттары, қатты қағазға сурет салу байқауы және балаларға экологиялық мәдениетті насихаттайтын интерактивті экозертхана жұмыс істейді. Сондай-ақ ұлттық нақыштағы арт-нысандар жанында естелік суретке түсуге мүмкіндік қарастырылған.
Кешкі сағат 18:00-20:00 аралығында көрермендер арқанмен жүретін кәсіби әртістердің ерекше шоуын тамашалай алады. Олар 70 метр биіктікте тартылған 10 метрлік арқан бойымен жүріп, көпшілікке әсерлі қойылым ұсынады. Ал мерекелік кеш сағат 21:00-де әнші Еркеш Хасеновтің концертімен қорытындыланады.

Фестивальдің негізгі мақсаты – Астана күні аясында тұрғындар мен қала қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлау, ұлттық мәдени мұраны кеңінен дәріптеу және елорданың шығармашылық әрі мәдени әлеуетін таныту. Іс-шараға барлық жастағы тұрғындар мен қала қонақтары қатыса алады.