KZNews.kz
Шоу-бизнес

Аңыз домбыра: Алматыда Ұлттық домбыра күні салтанатты түрде тойланды

Абзал Бахытжан

Алматыда Ұлттық домбыра күні ерекше сән-салтанатпен аталып өтті

Алматы төрінде Ұлттық домбыра күні ерекше қуанышпен, кең ауқымда тойланды. Абай алаңында өткен ашық аспан астындағы концерт қала тұрғындары мен қонақтарын рухани әлемге жетелеп, ұлттық өнердің тереңіне сүңгітті.

Мыңдаған адам жиналған мерекелік кешке Қазақстанның Еңбек Ері, халық әртісі Асанәлі Әшімов, ТҮРКСОЙ жанындағы түркі мемлекеттері жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асыла Осман және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты іс-шара барысында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жұртшылықты Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, бұл күннің маңызын ерекше атап өтті:

"Домбыра - бұл қазақтың жаны. Оның қос ішегі - ғасырлар шежіресі, әр пернесі - өткен мен бүгінді жалғайтын көпір. Әрбір күй - ұрпақтар арасындағы рухани байланыс. Домбыра күнін атап өту - бұл тек аспапқа құрмет қана емес, тұтас ұлттың мәдениетіне, тарихына, тамырына тағзым", – деді әкім өз сөзінде.

Сахна төрінде елге белгілі өнерпаздар - Роза Рымбаева, Айгүл Үлкенбаева, Айгүл Қосанова, Рамазан Стамғазиев, Мейрамбек Беспаев, Асылбек Еңсепов, Мөлдір Әуелбекова және "Коңыр", Ulytau топтары, "Сазген сазы" фольклорлы-этнографиялық ансамблі мен "Алатау" дәстүрлі өнер театрының әртістері өнер көрсетті.

Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі Нұрғиса Тілендиевтің жүректерге жол тартқан "Әлқисса" күйінің орындалуы болды. Бұл туынды залдағыларды тербеп, терең сезімге бөлеп, күй құдіретін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сонымен қатар, белгілі күйші-ұстаздар мен олардың шәкірттері арасында күй-тартыс ұйымдастырылып, ұлттық өнердің шеберлік пен сабақтастық үлгісі паш етілді.

Кеш соңында Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева орындаған "Домбыра туралы баллада" мен "Атамекен" әндері көрермен көңілін толқытып, ұлттық рухты асқақтатты.

Ұлттық Домбыра күні - өткен мен бүгінді жалғап тұрған, ұлттың рухын ұлықтайтын ерекше мейрам. Алматы төріндегі бұл мереке соның айғағы іспетті.

Абзал Бахытжан
Автордың басқа материалдары