KZNews.kz
Саясат

Дипломыңызды алып келіңіз! Журналист Ардақ Назаровты жекпе-жекке шақырды

Torgyn Abushakhman

ҚР Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаровтың білімі мен еңбек жолына қатысты қоғамда туындаған сұрақтар толастар емес. Бұл жолы журналист Гүлбану Әбенова мәселені ашық талқылау үшін Назаровты MMA ережесі бойынша «жекпе-жекке» шақырды. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында жазды.

Журналистің айтуынша, депутаттың өзінің өмірбаяны, оқу және еңбек жолы жөніндегі жариялаған мәліметтері қисынға келмейді. Сол себепті ол Ардақ Назаровты тікелей эфирге шығып, сұрақтарға ашық жауап беруге үндеді.

«Ардақ Назаров! Мен, журналист ретінде, сізді ММА ережесі бойынша ашық жекпе-жекке шақырамын. Шығыңыз тікелей эфирге — сол біздің октагонымыз болсын! Сөз жеткілікті. Бос әңгімеден, ертегіден және күмәннен шаршадық. Халыққа көп уәде бердіңіз, көп сөз айттыңыз. Енді сөз емес, іс қажет. Тікелей эфирде менің сұрақтарыма жауап беріңіз: сіздің біліміңіз, еңбек жолыңыз, өмірбаяныңыз — бәрі халық алдында ашық айтылсын. Қолғаптың орнына дипломдарыңызды, студент кезіңізде түскен суреттеріңізді алып келіңіз. Курстастарыңызбен түскен фотоларыңызды көрсетіңіз. Халық бәрін өз көзімен көрсін. Бұл — тек жекпе-жек емес. Бұл — шындық, әділет пен ақиқат үшін айқас. Сіздің жұдырығыңызда халық тұр деп мақтанасыз, ал менің қаламымда халық тұр. Халықты алдамағаныңызды дәлелдеңіз. Егер шынымен ер азамат болсаңыз — октагонға шығып, соны дәлелдеңіз! Мені “тәтешка” деп сылтау айтушы болмаңыз! Еркек болсаңыз — шығыңыз!» — деп жазды журналист.

Гүлбану Әбенованың бұл үндеуі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желілерде пікірталас күшейіп, көпшілік депутаттың өмірбаянына қатысты ресми дәлелдерді көрсетуін талап етіп жатыр. Бірқатар қолданушылар Назаровтың ашық пікірталасқа шығуын қолдаса, енді бірі журналистің мәлімдемесін «қатаң, бірақ әділ талап» деп бағалауда.

Еске сала кетсек, Ардақ Назаровқа қоғамның ерекше назары ол парламент мінберінен анасын құттықтаған сәттен кейін ауа бастаған еді. Осыдан соң ол өзінің оқу-тоқу және еңбек жолына байланысты түсініктеме берген болатын. Алайда бұл түсініктемелер қоғам тарапынан қойылған сұрақтарға толық жауап бола алған жоқ. Керісінше, жаңа сұрақтар мен күмән көбейіп, «диплом дауы» одан әрі қыза түсті.

Torgyn Abushakhman
Автордың басқа материалдары