Н.М. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің дінтану кафедрасының доценті, дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы Qasqa Jol YouTube арнасына берген сұхбатында қазіргі қоғамдағы діни көзқарастар мен әлеуметтік үрдістерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Ғалымның айтуынша, бүгінгі күні өзін діндар санайтын адамдардың бір бөлігі діннің түпкі мақсатын терең түсіне бермейді. Оның пікірінше, дін көп жағдайда рухани тазару мен Құдайға жақындаудың жолы ретінде емес, белгілі бір пайдаға жетудің немесе өзін ақтаудың құралына айналып барады.
«Біз діннің мақсатын түсінбегендіктен Құдайға жақындаудың амалы ретінде емес, бір белгілі пайданың көзі ретінде, перде ретінде пайдаланамыз. Ақырзаман жақындаған кезде адамдар Құран оқиды, бірақ ол көмекейінен төмен түспейді», – деді ол.
Кеңшілік Тышқанұлы ауызбен айтылған діни амал жүрекпен сезілмесе, оның мәні жоғалатынын атап өтті. Осы тұрғыда ол қазіргі кейбір діндарларды рухани емес, материалистік көзқараста деп бағалайды.
«Ауызбен Құран оқығанмен жүрек оны сезбесе, одан көк тиын пайда жоқ. Сондықтан қазіргі діндарлардың көбісін мен материалистер деймін. Материализмнің атын өзгерткені болмаса, адам өзгермейді», – дейді дінтанушы.
Оның айтуынша, шынайы діндар адам өзгенің сенімімен күреспей, ең алдымен өзін тәрбиелеуге мән береді.
«Құдайға жақын адам біреумен күреспейді, өзінің проблемасын ойлайды. Бұрынғы әулиелерді халықтың әлі күнге дейін жақсы көруінің себебі де – олар ешкіммен күрескен жоқ», – деп түйіндеді ол.