Мәжіліс "Елбасы" орденін сақтап қалды: мемлекеттің наградалық саясатында не өзгерді?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Мәжіліс "Елбасы" орденін сақтап қалды: мемлекеттің наградалық саясатында не өзгерді?

Мәжіліс "Елбасы" орденін сақтап қалды: мемлекеттің наградалық саясатында не өзгерді?
Фото: ашық дереккөздерден

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңы қайта қаралып, түзетулер мен толықтырулар енгізілді.

Төменгі палата депутаттары қабылдаған құжат бойынша еліміздің мемлекеттік марапаттар жүйесіне бірқатар өзгеріс жасалды. Атап айтқанда, жаңа түзетулерге сәйкес, наградалар тізімі үш жаңа орденмен толықты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен жоғарғы марапат белгісі ретінде Әл-Фараби, Қожа Ахмет Иасауи және "Мейірім" жоғарғы дәрежелі ордендері қолданысқа енді. Бұл ордендер ғылым, білім, мәдениет, руханият, қоғамдық қызмет пен қайырымдылық саласындағы ерекше еңбек сіңірген тұлғаларға табысталмақ. Әсіресе «Мейірім» ордені әлеуметтік жауапкершілік пен меценаттықты ынталандыратын жаңа символ ретінде ұсынылып отыр.

Айтпақшы, мемлекеттік марапаттар туралы заңды құжатты қарау барысында халық қалаулылары көп дабыра қылмағанымен, қоғам өкілдерінің назарын бірден аударып, көпшілік талқысына ұшыраған награда туралы айтпай кетуге болмас. Сөз "Қазақстан Республикасының Тұңғыш ПрезидентіЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаев" ордені мәртебесінің сақталуына қатысты.

Депуттар заңның жаңа редакциясында бұл награда мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі айрықша еңбегі үшін Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ шетел мемлекеттері басшыларына берілуі мүмкін екенін нақтылап, шешім қабылдаған. Ал қоғам пікірі Қазақстанның наградалық саясаты жаңарып жатқанымен, елдің саяси символикасында Нұрсұлтан Назарбаев кезеңінің белгісі мен ықпалы әлі де сақталып отырғанын көрсетті дегенге саяды.

Жалпы, "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» ордені еліміздегі жоғары мемлекеттік наградалардың бірі. Ол 2001 жылы енгізілген және елдің мемлекеттік құрылысына, тәуелсіздіктің нығаюына, қоғамдық-саяси дамуына ерекше үлес қосқан тұлғаларды марапаттауға арналған болатын.

Аталған орденмен Қазақстан азаматтары ғана емес, шетелдік мемлекет басшылары мен үкімет жетекшілері де наградталды. Бұған дейін бұл марапатты бірқатар шетел лидерлері кеудесіне таққан еді.

Ал 2022 жылдан кейін елдегі саяси реформалар аясында "Елбасы" мәртебесіне қатысты көптеген нормалар заңнамадан алынып тасталған еді. Соған қарамастан, Мәжіліс қабылдаған соңғы түзетулер бойынша аталған орденнің жоғарғы статусы сақталып қалды.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.