Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көлік-логистикалық мүмкіндігін дамыту, халықаралық дәліздерді жетілдіру және жол қауіпсіздігін арттыру міндетін қойған.
«Мемлекеттік қаражат нақты нәтиже беруі, ал құрылған инфрақұрылым келешек ұрпаққа қызмет етуі тиіс. Мемлекет басшысы Қазақстанды біртұтас үлкен құрылыс алаңына айналдыру міндетін қойды», – деді депутат Президенттің Құрылтай сессиясындағы сөзін еске салып.
16 қыркүйекте Сеулде өткен «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитінде де Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетіне назар аударылды. Қасымбаевтың айтуынша, Президент Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымалдардың көлемін 100 млн тоннаға дейін жеткізу міндетін қойған.
Алайда депутат кейбір трансшекаралық жолдардың қазіргі көлік және жүк ағынына толық сәйкес келмейтінін айтты.
«Бүгінде жекелеген трансшекаралық автомобиль жолдары өздерінің техникалық параметрлері бойынша қойылған міндеттердің ауқымына толық сәйкес емес», – деді Мейірхат Қасымбаев.
Қазақстандағы республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 25 мың шақырымды құрайды. Оның шамамен 4 мың шақырымы ғана I техникалық санаттағы жолдарға жатады. Бұл жолдардың жалпы үлесі 20 пайызға жетпейді.
Сонымен қатар кейбір бағыттарда көлік қозғалысы жыл сайын 15–20 пайызға артып келеді.
Мысалы, ұзындығы 871 шақырым болатын Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – Ресей шекарасы бағытында тәулігіне 10 мыңға дейін көлік жүреді. Курорттық кезеңде бұл көрсеткіш 15 мыңға дейін жетеді.
2025 жылы осы бағытта 246 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 46 адам қаза тапқан, 473 адам жарақат алған. Жалпы республикалық маңызы бар жолдарда 994 адам жол апатынан көз жұмған.
Депутат сондай-ақ Атырау – Астрахань, Ақтөбе – Орал – «Сырым» өткізу пункті арқылы Ресей шекарасына шығатын және Павлодар – Семей – Қалбатау – Зайсан – Майқапшағай арқылы Қытайға баратын бағыттарға түсетін жүктеменің жоғары екенін атап өтті.
«Өткізу пункттерін кезең-кезеңімен жаңғыртып жатқанымызбен, оларға апаратын жолдар қажетті параметрлерге сәйкес келмесе, бұл халықаралық бағыттың тұтастай өткізу қабілетіне кері әсер ететін "тар орынға" айналады», – деді ол.
Осыған байланысты депутат негізгі трансшекаралық дәліздерді кезең-кезеңімен I техникалық санатқа жеткізуді ұсынды.
Бейнеу – Сексеуіл жолы
Мейірхат Қасымбаев Жаңа Бейнеу – Сексеуіл жобасына да ерекше назар аударды.
Қазір бұл жолды II техникалық санат бойынша салу жоспарланған. Алайда депутаттың айтуынша, оның трансконтиненталдық маңызы бар. Жол Қытай шекарасын Ақтау және Құрық порттары арқылы Еуропамен байланыстыруы тиіс.
Жобаға шамамен 800 млрд теңге инвестиция салынбақ.
«Осындай ауқымды қаражат салынатын жағдайда, болашақта кеңейту мен қайта жаңғыртуға қосымша шығын жұмсамау үшін, бүгіннен бастап жолды I техникалық санат параметрлері бойынша салу мүмкіндігін қарастыру қажет», – деді депутат.
Депутат Үкіметке не ұсынды?
Мейірхат Қасымбаев Үкіметке бес ұсыныс жасады.
Біріншіден, трансшекаралық автомобиль жолдарын толық түгендеу қажет. Бұл ретте жолдың техникалық санаты, көлік қозғалысының қарқындылығы, жүк ағыны, жол апатының деңгейі және транзиттік әлеуеті ескерілуі тиіс.
Екіншіден, I техникалық санатқа дейін жеткізілуі керек негізгі жолдардың нақты тізімін жасау ұсынылды.
Үшіншіден, көлік пен жүк ағыны жоғары төрт бағытқа басымдық беріп, оларды I санатқа жеткізу мүмкіндігін қарастыру қажет.
Төртіншіден, жаңа жобалардың, оның ішінде Бейнеу – Сексеуіл жолының жобалық шешімдерін қайта қарау мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Бесіншіден, шекарадағы өткізу пункттерін жаңғыртуды оларға апаратын автомобиль жолдарын дамыту жұмыстарымен қатар жүргізу қажет.
Сонымен бірге депутат Үкіметтен I техникалық санатқа дейін жеткізу жоспарланған жолдардың тізімін, іске асыру мерзімдерін, ұзындығын және қаржыландыру көлемін нақты көрсетуді сұрады.
«Аталған шаралар мемлекеттік және тартылған инвестициялардың ұзақ мерзімді тиімділігін қамтамасыз етеді, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырады, Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтады және келешек ұрпаққа қызмет ететін заманауи жол инфрақұрылымын қалыптастырады», – деді Мейірхат Қасымбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов «ҚазАвтоЖол» басшысына жолдардың сапасына қатысты ескерту жасағанын жазған едік.