«Семей таңы» және «Вести Семей» газеттерінің директоры Риза Молдашева Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевқа қатысты өткір жазба жариялады. Ол ұлттық баспасөздің орны жайлы пікір айтып, депутаттың газеттерге байланысты ұстанымын сынға алды, деп хабарлайды kznews.kz.
Риза Молдашеваның жазуынша, Мәжілісте қоғамның шынайы мәселесін көтеретін депутаттар да бар, бірақ «мандаты бар, мазмұны жоқ» тұлғалар да кездеседі. Ол өткен жылы Ермұрат Бапи парламент мінберінен ұлттық баспасөзге қатысты нақты проблеманы көтергенін, кейін бұл тақырыпты Ерлан Саиров жалғағанын атап өтіп, мұны депутаттың жұмысы ретінде оң бағалаған.
Ал Дәулет Мұқаевқа келгенде, ол оны «әлеуметтік желідегі образын» саясатқа әкелген тұлға ретінде сипаттайды. Жазба авторы депутаттың блогерлік дағдысы мемлекеттік ойлау деңгейіне айналмағанын айтып, «Лайк – легитимділік емес», «Хайп – саясат емес» деген уәж келтіреді. Сондай-ақ мемлекеттік басқаруды «TikTok форматына» сыйғызуға болмайтынын меңзеген.
Постта ұлттық газеттердің рөлі де ерекше атап өтіледі. Риза Молдашева «Газет – сана. Газет – тарих. Газет – ұлттың иммунитеті» деп, баспасөзге тиісу қоғам үшін қауіпті үрдіс екенін жазған. Ол депутаттың бастамаларына қатысты да мысқыл аралас сауал қойып, үш жыл ішінде ел тағдырына әсер еткен батыл ұсыныстардың аз екенін айтады.
Жазба соңында автор Дәулет Мұқаевты «депутат емес, декрет тақырыбындағы блогер» ретінде бағалап, әркім өз салмағын өз деңгейінде танытқаны дұрыс деген ой түйеді.