Қазақстанда коучинг саласына қатысты маңызды өзгеріс енгізілмек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
14 ақпаннан бастап елімізде коучинг қызметінің кәсіби стандарты ресми түрде күшіне енеді. Енді өзін «коучпын» деп таныстыру үшін тек әлеуметтік желідегі жазба немесе әдемі BIO жеткіліксіз болады. Мамандар өздерінің білімін, кәсіби дайындығын және біліктілігін арнайы құжаттармен дәлелдеуі тиіс.
Депутаттың айтуынша, коучинг енді жай тренд емес, мемлекет реттейтін ресми мамандыққа айналады. Бұл саладағы қызмет көрсетушілерге нақты талаптар қойылып, кәсіби құзыреті айқындалады.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа стандарт қызмет сапасын арттыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және кәсіби дайындықтан өтпеген адамдардың бұл нарыққа еркін кіруін шектеуге бағытталған.
Соңғы жылдары «жеке даму сарапшысы», «мотивация тренері», «коуч» деген атаумен қызмет көрсететіндердің саны күрт артқан. Алайда олардың кәсіби деңгейіне нақты бақылау болмаған. Осы мәселе қоғамда жиі талқыланып, нәтижесінде мемлекет тарапынан реттеу қажеттілігі туындаған.