Қоғам

Депутат Алматыда электросамокаттарды жалға беруді тоқтатуды талап етті

Депутат Алматыда электросамокаттарды жалға беруді тоқтатуды талап етті

Алматы қалалық мәслихатының депутаты Бейбіт Құсаинов қалада электросамокаттарға уақытша тыйым салуды ұсынды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оның айтуынша, жалға беру және жүру ережелері бекітілмейінше, арнайы тұрақтар орнатылмайынша және қауіпсіз веложолақтар жасалмайынша уақытша шектеу қажет.

"Менің ұсынысым – Алматыда электросамокаттарға уақытша тыйым салу. Қалада толыққанды тұрақтар, қауіпсіз веложолақтар, нақты жалға беру және жүргізу ережелері пайда болмайынша, басқа амал жоқ. Тек сонда ғана қаламызды баршаға жайлы әрі қауіпсіз ете аламыз", – деді Бейбіт Құсаинов. 

Оның айтуынша, 8 қыркүйекте Алматы қалалық мәслихатының кеңейтілген отырысында депутаттар электросамокаттар, мопедтер мен электровелосипедтерге қатысты мәселелерді талқылаған.

"Қазіргі таңда оларды жүргізуге қатысты нақты ереже жоқ. Жылдамдық шектелмеген, тұрақтар ретсіз. Ал көпшілік пайдаланушылар жол қозғалысы ережесін де білмейді. Самокаттар тротуар мен жолдың үстіне тасталып кетеді. Бұл жаяу жүргіншілерге ыңғайсыздық пен қауіп тудырады", – деп атап өтті Құсаинов.

Алматыда қазір Bolt, Whoosh, Jet және Яндекс Go сияқты кикшеринг қызметтері жұмыс істейді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда самокатшы өзіне ескерту жасаған ер адамның көзінен ұрғаны туралы хабарлаған едік. 

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz