Денсаулық сақтау министрлігі Алматы облысы Ақтас ауылындағы психиатриялық ауруханадағы заңбұзушылық туралы ақпаратты жоққа шығарды. Ведомство науқастарға қатыгездік көрсетілгені расталмағанын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменті Instagram желісіндегі жарияланымнан кейін ауруханаға тексеріс жүргізген. Жазба авторы аурухананың 7, 10 және 12-бөлімшелерінде науқастарды бақылауда ұстау үшін күш қолданылып, дәрі-дәрмек пайдаланылғанын айтқан.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жарияланым авторы науқастардың жеке дерекгін көрсетпеген. Сонымен қатар ол сипаттаған оқиғалар 2008 жылы, яғни шамамен 18 жыл бұрын болған деген болжам айтылған.
Мамандар медициналық көмек көрсету кезінде заң талаптарының сақталуын, психикалық денсаулық саласындағы медициналық-әлеуметтік көмектің сапасын және науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету деңгейін тексерген.
2026 жылы 7 тамыздағы тексеру актісіне сәйкес, науқастарға күш қолданылғаны, дәрі-дәрмектерді ықпал ету құралы ретінде пайдаланғаны және олардың ар-намысына тиетін өзге де әрекеттер жасалғаны туралы ақпарат расталмаған.
Сонымен қатар министрлік 2008 жылы болған оқиғаларға қатысты сақталған құжаттар мен сол кездегі қызметкерлердің әрекеті тексерілген-тексерілмегенін айтпады. Демек тексеру сол кездегі жағдайды қамтыды ма, әлде аурухананың қазіргі жұмысы ғана қаралды ма — бұл жағы белгісіз.
Істің мән-жайы
Бұған дейін YouTube платформасында “Ақтас” ауруханасында мәжбүрлі ем алып жатқан Николай Жұмағалиевтің сұхбаты жарияланған еді. Ол мекемедегі жағдай туралы айтып, жеке кеңістіктің жетіспеушілігіне, палаталарда ұзақ уақыт болуға, серуендеуге шектеулі мүмкіндікке және тұрмыстық қолайсыздықтарға шағымданған.
Николай Жұмағалиев 1970-жылдардың соңында бірнеше аса ауыр қылмыс жасаған. Тергеу мәліметінше, оның құрбандарының саны кемінде 10 адам болған, олардың басым бөлігі әйелдер. Сот оны есі дұрыс емес деп танып, мәжбүрлі емдеуге жіберген.
“Ақтас” – Қазақстандағы осындай бағыттағы жалғыз мамандандырылған медициналық мекеме. Мұнда соттың шешімімен мәжбүрлі медициналық ем тағайындалған адамдар ем қабылдайды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ауруханадағы пациенттердің 80%-дан астамы адам өмірі мен денсаулығына қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған.