Жаңалықтар

Дені сау адамды сау күнінде ауру қылғаны жүрегімді қатты ауыртты — Гүлмира Әбіқай

Дархан Тоқан Дархан Тоқан
Дені сау адамды сау күнінде ауру қылғаны жүрегімді қатты ауыртты — Гүлмира Әбіқай
Фото: Бейнежазбадан кескін

Белгілі тележурналист Гүлмира Әбіқай «Алаш Орда» YouTube арнасына Атырау облысындағы жоғалып кеткен бір отбасының оқиғасы жайлы сұхбат берді, деп хабарлайды kznews.kz.

«Алаш Орда» YouTube арнасының тілшісі Серік Жолдасбай Гүлмира Әбіқайға күдікті болған Сұлтанның бойынан салафиттік көзқарасқа ұқсас белгілерді байқауға болатынын айтып, Атырау облысында діни ахуал неге осынша ушығып кеткені туралы сауал қойды.

— Әдетте салафиттік көзқарастағы азаматтар отбасымен араласпай, ата-анасымен қатынаспай, оқшау өмір сүріп жатады. Күдікті Сұлтанның образына қарасақ, дәл сондай белгілерді байқауға болады. Біз бұған дейін сөйлескенімізде, сіз жалпы Атырау облысында діни мәселе ушығып тұр деп айтқан едіңіз. Осы Сұлтанның мәселесі бар және жалпы Атыраудағы діни ахуал неге осынша ушығып кеткен? - деп сұрақ қойды Серік Жолдасбай.

Бұл сұраққа тележурналист мен талқылап, жауап беретін тақырып емес екенін айтты. Алайда өз ойын айтып берді.

— Мен жауап беретін тақырып емес сияқты, алайда өз ойымды айта кетейін. Тек Атырау емес, жалпы Батыс өңірінде — Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау жақтарында — 10–15 жыл бұрын жаппай адасып, теріс дінге кіріп, теріс жолға түсіп, адам ойына келмеген дүниелерге барып, жан-жаққа соғысқа кетіп қалғандар болды. Қазір бәсеңдеп қалды деп айтып жүрміз. Бірақ әлі күнге дейін сондайлар бар. Болып та жатыр. Мысалы осы Атыраудағы жағдайда отбасының дәрменсіздігін пайдаланып, отбасында бәрі мүмкіндігі шектеулі жандар болған соң, оларда шешім жоқ, батылдық жоқ, кез келген жаққа еріп кетуі мүмкін болды. Мысалы, Ақбаян — отбасындағы ең дені сау, еті тірі, пысық, ешқандай ауырмаған, ең бас көтерері сол болған еді. Сол қызды да осындай деңгейге жеткізгені, дені сау адамды сау күнінде ауру қылғаны менің жүрегімді қатты ауыртты. Осыған дейін ауырмаған адам, бес баланы балпанақтай қылып босанған адам. Тура бесіншісін босанғанда неге ауырып қалды? Қандай ауру болып қалды? Оны сондай психологиялық ауруға жеткізген кім? Күнде мәжбүрлей ме екен? Міне, гәп қайда жатыр. Мен бұл оқиғаға әйел заты ретінде, ана ретінде қатты жаным ашыды, - деді тележурналист.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz