Сарапшы пікірі

"Дәстүр-2"-ні көрген соң өлген адамның мүрдесін жеп жатқан құзғындардың ортасында жүргендей болдым - қоғам белсендісі

Азамат Қойшығара Азамат Қойшығара
"Дәстүр-2"-ні көрген соң өлген адамның мүрдесін жеп жатқан құзғындардың ортасында жүргендей болдым - қоғам белсендісі
Әлеуметтік желіден

Кәсіпкер әрі қоғам белсендісі Ахметбек Нұрсила «Дәстүр 2. Теріс бата» фильміне қатысты өткір пікір білдіріп, туындының қазақтың салт-дәстүрін жағымсыз қырынан көрсететінін сынға алды, деп хабарлайды kznews.kz.

Оның айтуынша, фильмді сценарист Қанаттың өтінішімен жұбайымен бірге көріп шыққан.

«Таптым ау сені" фильмінен кейін шошқа қорада тамақ ішкендей күй кешкен едім. Ал "Дәстүр 2"-ден соң өлген адамның мүрдесін жеп жатқан құзғындардың ортасында жүргендей әсер алдым», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ахметбек Нұрсила бұл фильмдерде қазақтың салт-дәстүрін әдейі теріс көрсету ниеті бар деп есептейді.

«Қазақтың салт-дәстүрінің бәрін “ширк” қылып көрсетпек арам пиғылдары айғайлап тұр. Қалай осындай өлермендікпен өз ұлтын, ата-бабасын жек көруге болады? Қайранмын», – деді ол.

Сондай-ақ автор соңғы уақытта қоғамда байқалып жүрген кейбір көзқарастармен бұл фильмнің идеялық астарын байланыстырады.

«Ысқақтың стримінде “қазақтың жарты жерін арабтарға бере салу керек” деп отырған арабқұлдарды тыңдап, жаным күйзелген еді. Бүгін мына фильмді көріп, бұл сұмдықтың қалай терең тамыр жайып кеткенін аңғардым», – деп жазды Нұрсила.

Оның сөзінше, фильмнің көрермені де аз емес, ал билет бағасы өзге картиналарға қарағанда қымбат.

«Бұл фильмдер – қазақтың түп-тамырына сілтеніп жатқан балта деп білемін. Залда жастар толып отыр, билеттер басқа кинолардан екі есе қымбат», – деді ол.

Ахметбек Нұрсила фильмді классикалық мағынада қорқынышты деп санамайтынын, алайда идеялық тұрғыдан жиіркенішті әсер қалдырғанын атап өтті.

«Кино мен үшін “ужас” болған жоқ. Бірақ ниеті арам адамдардың жүрек айнытатындай сұмпайы пиғылы, өз ұлтына деген өлермендікпен жасалып жатқан қастандығы жаға ұстатты», – деді ол.

Жазбасының соңында автор қазіргі жағдайға алаңдаушылығын ашық білдірді.

«Айға қарап ұлыған, екі аяқты жауыздың арам пиғылынан құса болған қасқырдың күйі қазір қазақтың басына келгендей. Өмірден түңіліп кеттім. Сұмдық. Қайда кетіп барамыз?» – деп түйіндеді Ахметбек Нұрсила.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz