Қазақстанда медицина қызметкерлеріне қарсы жасалатын зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдатылды. Бүгін Мәжіліс тиісті заң жобасын екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды kznews.kz.
Депутаттардың бастамасымен Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне күш қолдану немесе қорқытуға қатысты 380-3-бап енгізілді. Жаңа норма дәрігерлердің қауіпсіздігін құқықтық тұрғыда күшейтуге бағытталған.
Егер медицина қызметкерінің өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданылса (итеріп жіберу, ұруға әрекеттену, күш қолданамын деп қорқыту), 500-1000 АЕК көлемінде айыппұл, түзеу жұмыстары, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс, 2-3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы тағайындалады.
Ал мұндай әрекеттер ауыр сипат алса, кінәлі тұлға 3-7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе бостандығы шектелуі мүмкін.
Егер дәрігердің өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданылып, ауыр жарақат салынса немесе қару қолданылса, жаза 5-10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Ал аса ауыр жағдайларда сот 7-12 жылға дейін түрме жазасын тағайындай алады.
Медицина қызметкеріне күш қолданамын деп қорқытқандарға да жеке жауапкершілік белгіленді. Бұл жағдайда 200-500 АЕК айыппұл, 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс, 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар заң жобасы аясында ішкі істер органдарына осы санаттағы қылмыстар бойынша алдын ала тергеу мен анықтау жүргізу құзыреті берілді.
ІІМ дерегінше, жыл басынан бері дәрігерлерге шабуыл жасалды деген күдікпен 14 қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі уақытта бұл істер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.