Танымал актриса әрі продюсер Дариға Бадықова алдағы шығармашылық жоспарымен бөлісіп, жаңа жобасы туралы айтты.
Өнер иесі Instagram парақшасында Өскемен қаласында құтқарушылар туралы фильм түсірілетінін хабарлады.
«Бұйырса, Өскеменде құтқарушылар жайлы жаңа фильм түсіріледі», – деп жазды Дариға Бадықова.
Продюсер кино саласына қалай келгенін де еске алды. Оның айтуынша, ол бұрын тойларда ән айтып жүрген кезінен бастап кино әлеміне қадам басуды армандаған.
«Кино – ғашығым, шабытым, абыройым. Кино мені дамытты. Бір кездері тойда ән айтып жүріп, жақсы фильмдер түсірсем екен деп қиялдайтынмын. Тек тойдың айналасында қалып қоймай, арманымды орындай алсам екен дейтінмін. Құдайға шүкір, кино әлеміндегі адамдармен жолықтырды. Бірге жүрген жандардың бәріне алғыс айтамын», – деді актриса.
Айта кетейік, бұған дейін Дариға Бадықова жаңа әрі ауқымды жобаны қолға алып жатқанын айтқан еді. Ол НТК арнасының «Ревю» бағдарламасына берген сұхбатында Қазақстанда күрделі фильм түсіру жоспары бар екенін жеткізген.
«Өз елімізде өте күрделі фильм түсіреміз. Біреулер мен туралы “күйеуге шығайын деп жатыр” деп жазыпты. Ондай әңгімелер де бар. Бірақ ол – болашақтың еншісіндегі дүние. Қазір үлкен жоба дайындалып жатыр», – деген еді Дариға Бадықова.