KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

"Даңғазаны ұнатпайды": Аймағамбетов Тоқаевтың басқару тәсілі туралы айтты

• Қайсар Қанат
Фото: gov.kz

Аймағамбетов журналист Ербол Сейілханға берген сұхбатында Мемлекет басшысының арзан популизм мен даңғазаға қарсы екенін атап өткен.

«Мемлекет басшысының арзан популизмге қарсы екенін бәрі жақсы біледі. Қай кездегі сөзінде де нақты жұмыс істеп, алға қойған мақсатқа жарнамасыз, мақтансыз қол жеткізу керектігін айтып келеді. Өзін “жалданған менеджермін” деп атағаны да көпшіліктің есінде. Бұл оның саяси мәдениетін көрсетеді», – деді депутат.

Оның пікірінше, мемлекеттік басқаруда бұрын көзге бірден түсетін абаттандыру жобаларына басымдық берілсе, қазір инфрақұрылымның тозуы секілді күрделі мәселелерге көбірек назар аударылып отыр.

Аймағамбетов жер астындағы құбырлар, жылу желілері мен коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары көп жағдайда көпшілікке байқала бермейтінін, алайда олардың елді мекендердің тұрақты жұмыс істеуі үшін маңызы жоғары екенін айтты.

Депутат Президентпен жеке кездесулерін де еске алған. Оның сөзінше, мұндай кездесулерде мұғалімдердің мәртебесі, оларды негізгі қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тартпау мәселесі бірнеше рет көтерілген.

Аймағамбетов бұған дейін де мемлекеттік басқаруда нақты нәтижеге бағытталған шешімдердің маңызы туралы айтып жүрген. Сонымен қатар ол әлеуметтік және білім беру саласындағы реформаларды бағалағанда нақты дерек пен нәтижеге сүйену қажеттігін атап өткен.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →