KZNews.kz
Шоу-бизнес

Дана Тұрарбек Жанар Айжановадан кешірім сұрады

Айжан Сыланова
Фото: kz.kursiv.media/Рауан Мутаир

Әлеуметтік желілерде «Өнер қырандары» театрының актрисасы Дана Тұрарбектің танымал әнші Жанар Айжановаға арнап кешірім сұраған видеосы тарады, деп хабарлайды kznews.kz.

Бейнеүндеуде актриса осыдан он жыл бұрын жасаған әрекеті үшін көпшілік алдында кешірім өтінетінін айтты. Оның сөзінше, уақыт өткеніне қарамастан, қателікті мойындап, кешірім сұраудың ешқашан кеші болмайды.

Дана Тұрарбек бұған дейін сахнада Жанар Айжановаға пародия жасағанын еске алып, сол үшін әншіден кешірім сұрады. Ол өнер иесін ерекше құрметтейтінін, бала күнінен оның шығармашылығымен сусындап өскенін атап өтті. Актрисаның айтуынша, сахнада әртісті салып көрсетуі — сол кездегі шығармашылық ізденістің бір көрінісі болған. Сонымен қатар, алдағы уақытта мұндай әрекетті қайталамайтынын жеткізді.

Әзіл мен шынайылық астасқан бұл видео желі қолданушылары арасында түрлі пікір тудырды. Бірі оны жеңіл әзіл ретінде қабылдаса, енді бір бөлігі актрисаның пародиясы әншіге мүлде ұқсамағанын жазды.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →