KZNews.kz
Қоғам

БЖЗҚ-дан зейнетақыны қашан және қалай алуға болады

Торғын Абушахман
Фото: ашық дереккөзден

Зейнетақы төлемдері – бұл азаматтарға зейнет жасына жеткенде, мүгедектік белгіленгенде немесе Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен жағдайда төленетін қаражат. Зейнет жасын әлі ойламасақ та, бұл жүйені түсіну болашақта өз құқықтарымызды дұрыс пайдалануға мүмкіндік береді, деп хабарлайды kznews.kz.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төлемдер зейнетақы жинақтары бар адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Зейнет жасына жеткен азаматтар

Ер адамдар – 63 жастан,
әйел адамдар – 61 жастан бастап (2028 жылдан жыл сайын 0,5 жасқа ұлғайып, 2031 жылы 63 жасқа жетеді) БЖЗҚ-дан ай сайын зейнетақы төлемдерін алады.

Төлемдер міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен жүргізіледі. Зейнетақыны ресімдеу үшін тұрғылықты жері бойынша ХҚО-ға жүгіну қажет. Өзіңізбен бірге жеке куәлік пен банк шотының деректемелері болуы тиіс.

Мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақы мен БЖЗҚ төлемдері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы алушының банк шотына аударылады. БЖЗҚ қаражатты тікелей зейнеткерлерге аудармайды.

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген азаматтар

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген азаматтар 55 жасқа толған кезде БЖЗҚ-дан МКЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін ала алады. Бұл үшін жұмыс беруші тарапынан кемінде 84 ай бойы МКЗЖ аударылған болуы қажет.

Төлем алу үшін қызметкер зиянды еңбек жағдайындағы жұмысты тоқтатуы немесе қауіпсіз басқа жұмысқа ауысуы тиіс. Бұл жағдайда ХҚО-ға жүгіну жеткілікті.

1 немесе 2 топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар адамдар

Мерзімсіз белгіленген 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар азаматтар зейнет жасына жетпей-ақ БЖЗҚ-дан ай сайын зейнетақы төлемдерін алуға құқылы.

Өтінішті БЖЗҚ бөлімшесіне барып немесе enpf.kz сайтындағы Жеке кабинет арқылы онлайн беруге болады.

Маңызды:
– Мұндай азаматтар МЗЖ төлеуден босатылады;
– Егер жинақ сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, қаражат біржолғы төленеді.

Шетелге тұрақты тұруға кеткендер

Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен азаматтар БЖЗҚ-дағы барлық зейнетақы жинақтарын біржолғы ала алады. Ол үшін БЖЗҚ-ға қажетті құжаттарды жеке өзі, өкілі немесе пошта арқылы ұсыну қажет.

Құжаттар тапсырылғаннан кейін төлем 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Салымшы немесе алушы қайтыс болған жағдайда

БЖЗҚ-да жинағы бар адам қайтыс болған жағдайда, оның қаражаты заңға сәйкес мұрагерлеріне беріледі. Сонымен қатар, жерлеуге арналған біржолғы төлем көзделген.

Жерлеуге төлемді жақын туыстары enpf.kz сайтындағы Жеке кабинет арқылы онлайн ала алады. Төлем мөлшері 94 АЕК-тен аспайды және 5 жұмыс күні ішінде төленеді.

Мұрагерлік құқықты ресімдеу үшін нотариуске жүгіну қажет. Нотариус БЖЗҚ-мен электронды жүйе арқылы байланысады.

Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен төлемдер

Ерікті зейнетақы жарналары есебінен төлемдерді 50 жастан бастап алуға болады. Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдар мен шетелге тұрақты кеткен азаматтар да бұл құқыққа ие.

ЕЗЖ төлемдерінің мөлшері мен кезеңділігі алушының қалауына қарай дербес белгіленеді. Өтінішті онлайн, БЖЗҚ бөлімшесінде немесе пошта арқылы беруге болады.

Торғын Абушахман
Торғын Абушахман – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →