KZNews.kz
Техно

Былтыр Қазақстанда 171 мыңнан астам автокөлік өндірілді

Torgyn Abushakhman
Фото: Wikipedia.org

Әлеуметтік желілерде «Қазақстанда автокөлік өндірісі жоқ, бәрін сырттан әкелеміз» деген пікір жиі айтылады. Алайда ресми статистика бұл көзқарасты жоққа шығарады. 2025 жыл отандық автокөлік өнеркәсібі үшін тарихи рекордпен аяқталды, деп хабарлайды kznews.kz.

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда автокөлік жасау саласы соңғы жылдары қарқынды дамып, экономиканың маңызды драйверлерінің біріне айналған.

«Қазақстан автомобиль одағының» мәліметінше, 2025 жылы елімізде 171 144 автокөлік өндірілген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 17,8%-ға артық. Ал жалпы өндіріс көлемі 2,3 трлн теңгеден асқан.

Бұл деректер автокөлік өнеркәсібінің жеке бір сала ғана емес, ұлттық экономиканың өсіміне тікелей әсер ететін маңызды бағыт екенін көрсетеді.

Бүгінде автокөлік жасау саласы:
    •    машина жасау өнеркәсібінің 41,7%-ын,
    •    өңдеу өнеркәсібінің шамамен 8%-ын құрап отыр.

Яғни, бұл сала өнеркәсіптік өсімнің негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Әрбір шығарылған автокөлік — жаңа жұмыс орны, салық түсімі, өндірістік тапсырыс және қосымша сервистік қызмет деген сөз.

2025 жылы автокөлік өнеркәсібіне 113,6 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл қаражат:
    •    қолданыстағы зауыттарды жаңғыртуға,
    •    жаңа өндіріс орындарын іске қосуға,
    •    автокомпоненттер өндірісін дамытуға бағытталған.

Соның нәтижесінде Алматы мен Қостанай қалаларында Astana Motors Manufacturing Kazakhstan және Kia Qazaqstan зауыттары іске қосылды.

Өндіріс көлемінің артуы еңбек нарығына да оң әсерін тигізді. 2025 жылы автокөлік өнеркәсібінде жұмыс істейтін қызметкерлер саны 11 153 адамға жеткен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 62,2%-ға артық.

Осылайша, автозауыттар тек көлік өндіріп қана қоймай, халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде.

Өндіріс құрылымында дәстүрлі түрде жеңіл автокөліктер басым:
    •    Жеңіл автокөліктер — 158 944 бірлік (+19%)
    •    Коммерциялық техника — 12 200 бірлік (+8%)

2025 жылы өндіріс көлемі бойынша:
    •    Allur (Қостанай) — 92 100 автокөлік,
    •    Hyundai Trans Kazakhstan — 52 040 автокөлік шығарған.

Жаңа іске қосылған Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыты алғашқы айлардың өзінде 15 180 автокөлік өндірсе, Kia Qazaqstan зауыты 2 885 көлік жинап үлгерген.

Torgyn Abushakhman
Автордың басқа материалдары