Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи қазақстандықтардың жаңа Конституцияның бір бабына қатысты алаңдауына жауап берді, деп хабарлайды kznews.kz.
Депутаттың айтуынша, азаматтар бұрынғы президенттің отбасы мүшелері билікке қайтып келуі мүмкін деп күдіктенеді.
«Айтпақшы, Конституция жобасының 48-бабына байланысты да қоғам арасында алаңдаушылық бар. Мұнда Республика президентінің ар намысы мен қадір-қасиетіне қорғауға қатысты берілетін конституциялық кепілдіктер айтылады. Ал бұл баптың үшінші тармақшасында: «Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының экс-президентіне де қолданылады» деген тіркеске орай «бұрынғы президенттің отбасы мүшелері билікке қайтып келуі мүмкін» деп, күдік келтірушілер бар. Әлеуметтік желі қолданушылар арасындағы бұл алаңдаушылық қазақи долбар-дабыраға қиқу қосудың сыңары. Себебі, экс-президент түгілі, бүгінгі «Президенттің отбасы мүшелері мен оның жақын туыстарына мемлекеттік қызмет атқаруға болмайды» деген талап 2022 жылғы 8 маусымдағы конституциялық заңмен бекіген», - деді Бапи.
Сөз соңында дептуат Қазақстанның тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз ету – елінің ертеңін ойлаған әрбір азаматтың міндеті болуы керек екенін атап айтты.
«Тәуелсіздік дегеніміз – ең алдымен, жалпыұлттық бірлік пен келісім. Біз ел бірлігін сақтап, өсіп-өркендеген, абырой-беделі жоғары әрі қуатты мемлекет құруды басты міндетіміз деп санауымыз қажет. Осы мақсатқа стратегиялық тұрғыдан қарап, парасатты, дана халық екенімізді көрсетуіміз керек. Мұндағы «дана халық екенімізді көрсетуіміз керек» деген тіркесті мен «қазақстандық қоғам билікпен салауатты және салиқалы мәміле жүргізу деңгейіне жеткенін көрсетуі керек» деп, президенттік сөздің өңін сәл-пәл айналдырып айтқым келеді!», - деді ол.