"Rayxon oilaviy milliy taomlari" мекемесінің құрылтайшысы Одилхон Исмоилов қаржы жымқыру, жалған кәсіпкерлік және басқа да қылмыстар бойынша кінәлі деп танылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Өзбекстан Жоғарғы соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, Одилхон Исмоилов пен тағы алты сотталушыға қатысты үкім шығарылған.
Пап аудандық қылмыстық істер жөніндегі соттың үкімімен жеті адам Қылмыстық кодекстің 167-бабы 3-бөлігінің "а" тармағы – сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету арқылы талан-таражға салу, 209-бабы 2-бөлігінің "а" тармағы – қызметтік жалғандық жасау, 227-бабы 2-бөлігінің "а" тармағы – құжаттарды иемдену, жою, бүлдіру немесе жасыру, сондай-ақ 228-бабы 2-бөлігінің "а" және "б" тармақтары – құжаттарды, мөрлерді, мөртабандар мен бланкілерді дайындау немесе қолдан жасау қылмыстары бойынша кінәлі деп танылды.
Одилхон Исмоилов сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық кодекстің 62-бабын ескергендегі түпкілікті жаза мерзімі – 7 жыл 11 ай 28 күн.
Қалған алты сотталушыға қылмысқа қатысу деңгейіне қарай әртүрлі мерзімге жаза тағайындалды.
Іс бойынша келтірілген материалдық шығынды сотталушылардан ортақ тәртіппен өндіріп алу туралы шешім қабылданған. Бірінші сатыдағы сот үкіміне Наманган облыстық сотында апелляциялық немесе кассациялық тәртіппен шағым беруге болады.
Одилхон Исмоилов 1977 жылы Наманган облысында дүниеге келген. Ол "Rayxon oilaviy milliy taomlari" мекемесінің құрылтайшысы болған.
2010 жылдан бастап Ташкент қаласының бас имам-хатибінің орынбасары қызметін атқарды. 2011-2018 жылдар аралығында Шайхантахур ауданының бас имам-хатибі әрі "Шейх Зайниддин" мешітінің имам-хатибі болды.
2018 жылғы шілдеде интернетте расталмаған ақпарат таратқаны және денсаулық жағдайына байланысты Мұсылмандар басқармасындағы қызметінен босатылды.
2019 жылдан бастап "Вақф" қайырымдылық қорында жұмыс істеді. Сол жылдың ақпанында "Хожа Аламбардор" мешітінің имам-хатибі болып тағайындалып, қыркүйекте денсаулығына байланысты өз еркімен қызметінен кеткен.
2026 жылғы қаңтарда ол қаржы жымқыру, жалған кәсіпкерлік және басқа да қылмыстар жасады деген айыппен қамауға алынған.