Көктемде адам ағзасында дәрумен деңгейінің төмендеуі жиі байқалады. Мамандардың айтуынша, маусым ауысқанда адамдардың шамамен 80 пайызына дейін гиповитаминозға ұшырауы мүмкін, деп хабарлайды kznews.kz.
Ол климатқа, өмір салтына және тамақтану әдетіне байланысты пайда болады. Дәрумен тапшылығы иммунитетті әлсіретіп, түрлі аурулардың пайда болуына әсер етуі мүмкін.
Көктемгі дәрумен тапшылығының негізгі белгілері:
әлсіздік, енжарлық, бұрын ұнайтын істерге қызығушылықтың төмендеуі, жиі суық тию, созылмалы аурулардың асқынуы, ұйқының бұзылуы, терінің құрғауы, безеу, шаш пен тырнақтың әлсіреуі, асқазан-ішек жолы жұмысының бұзылуы, қызыл иектің қанауы, зейіннің төмендеуі, бас ауруы, құлақтағы шу мен жеңіл бас айналу.
Мамандардың сөзінше, осы белгілердің кемінде екеуі байқалса, ағзадағы дәрумен деңгейіне назар аударып, алдын алу шараларын бастаған жөн. Мұндай тапшылық ересектерде де, балаларда да кездеседі.
Дәрумен тапшылығының алдын алудың ең тиімді жолы — дұрыс тамақтану.
Рационға балық, жаңа сығылған шырындар, көкөністер, жемістер мен көк шөптерді көбірек қосу ұсынылады.
Ал консервіленген тағамдарды барынша азайтқан дұрыс.
Сонымен қатар таза ауада жиі серуендеу, тұрақты физикалық белсенділік және ағзадағы дәрумен деңгейін бақылап отыру да маңызды.
Дәрігерлер дәрумен жетіспеушілігінің белгілерін елемеуге болмайтынын ескертеді. Бұл денсаулықтың нашарлауына, кей жағдайда ауыр ауруларға әкелуі мүмкін. Ал ангина, суық тию, мұрын бітелуі немесе отит сияқты асқынулар байқалса, лор-дәрігерге қаралған жөн.