Қазақстандағы мұғалімдер, сынып жетекшілері мен мектеп психологтері буллингтің алдын алу және оған әрекет ету бойынша арнайы онлайн курстан өте алады. «Білім беру ұйымының буллинг пен жанжалмен жұмыс істеуі» бағдарламасы Skills Enbek мемлекеттік платформасында қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді, деп хабарлайды kznews.kz.
Курс Антибуллинг қауымдастығының Қазақстан мектептеріндегі бес жылдық тәжірибесі негізінде әзірленген. Бағдарлама педагогтерге буллингті ерте анықтау, оны қарапайым жанжалдан ажырату, жәбірленушімен, агрессормен және куәгерлермен жұмыс істеу тәсілдерін үйретеді.
ЮНИСЕФ дерегіне сәйкес, Қазақстандағы балалардың 66 пайызы мектептегі зорлық-зомбылық пен кемсітушілікке тап болғанын айтқан. Ал буллинг бойынша ресми статистика 2024 жылдан бастап жүргізіле бастады. 2025 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты буллинг фактілері бойынша 272 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде екі еседен астам өскен.
Мамандардың айтуынша, педагогтердің бір бөлігі буллингке әрекет ету алгоритмдерін толық меңгермеген. Соның салдарынан мұндай жағдайлар көбіне балалар арасындағы қарапайым жанжал ретінде қабылданып жатады.
Бағдарлама 10 сабақтан және 18 сағаттық оқудан тұрады. Материалдар бейнесабақтар, мәтіндік нұсқаулықтар мен қосымша әдістемелік құралдар форматында ұсынылған. Курс барысында қатысушылар нақты жағдайларды талдап, дайын әрекет ету алгоритмдерін меңгереді.
Бағдарламаның жеке бөлімі буллингке қатысты заңнамаға, педагогтер мен ата-аналардың жауапкершілігіне арналған.
Антибуллинг қауымдастығының жетекшісі Светлана Богатырёваның айтуынша, курс теориядан гөрі тәжірибеге басымдық береді және педагогтердің күнделікті жұмысында қолдануға болатын нақты әдістерді қамтиды.
Бағдарлама мектептер мен колледждердің педагогтеріне, психологтеріне, әлеуметтік педагогтеріне және әкімшілік қызметкерлеріне арналған. Оқуды аяқтағаннан кейін қатысушылар қорытынды тестілеуден өтіп, Skills Enbek платформасының сертификатын алады.
Курс ақылы. Сондықтан таңдау педагогтердің еркінде. Жоба Tamyr Platform, EA Charity Fund және Just Support ұйымдарының қолдауымен әзірленген.
Антибуллинг қауымдастығы күзде курсты өңірлік психологиялық қолдау орталықтары арқылы педагогтер арасында таныстыруды жоспарлап отыр.