10 айда салынған әуежай: Арқалық үлкен өзгерістерге қадам басты
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Бүлдіршіндердің тілін дамытатын эко-ойыншықтар: Тараздық педагогтер бірегей жоба ұсынды

Бүлдіршіндердің тілін дамытатын эко-ойыншықтар: Тараздық педагогтер бірегей жоба ұсынды
Жанерке Жәкен

Тараз қаласындағы қалалық білім бөлімінің бастамасымен бүлдіршіндердің тілін дамытып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіретін эко-ойыншықтар мен әдістемелік жинақтар шығарылды. Бүгінде бұл авторлық жоба республика көлеміне танылып отыр, деп хабарлайды kznews.kz.

Аталған ойыншықтар Астана қаласында өтіп жатқан Жамбыл облысының «Асқақ рухты Әулиеата» атты көрме-жәрмеңкесі аясында таныстырылды. Көрмеге келушілер әсіресе ағаштан жасалған, қазақы ою-өрнектері бар дамытушы ойыншықтарға үлкен қызығушылық танытты. 

Қазір мектеп жасына дейінгі балалардың, әсіресе сөйлеу тілінде кешеуілдеуі бар және ерекше білім беруді қажет ететін балалардың дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Тараз қаласындағы тәжірибелі педагогтер мен әдіскерлер бірегей авторлық ойындар топтамасын дүниеге әкелді.

Бұл жоба 2024 жылы жүзеге асқан 5 шағын жобаның («Біз кішкентай жұлдызбыз», «Жас техниктер» «Жасыл ел – жасыл балабақша», «Кел ойнайық, балақай», «Асыл мұра») аясында дамытылып, 200-ден астам жұмысқа ресми авторлық құқық алынды. Қазір бұл өнімдерді «Oina Toys» атты шағын цех халықтың сатып алу қабілетіне сай қолжетімді бағамен жасап шығаруға жәрдемдесіп жатыр.

Әрбір әзірленген ойын мен әдістемелік құралдың заңды патенті мен авторлық куәлігі рәсімделген. Бұл зияткерлік меншік авторлардың еңбегін қорғап қана қоймай, олардың сапасы мен бірегейлігіне кепілдік береді.

Бүгінде Тараз қаласындағы барлық мектепке дейінгі ұйымдар бұл тәжірибеден хабардар. Сондай-ақ бұл әдістемелік материалдар мен ойындар «Ерте даму институтының» ресми сайтындағы «1000 ойын» платформасында жарияланып, кеңінен насихатталуда.

Тараз қаласы білім бөлімінің мектепке дейінгі бөлімі әдіскері Гүлфайруз Естаеваның сөзінше, жалпы қалада 224 балабақша бар, оның 74-і мемлекеттік, 150-і жекеменшік. Қазір осы балабақшалардың барлығында осы элементтерді алып қолданғандар бар. Тіпті бұл тәжірибемен қызыққан басқа өңірлер – Атырау, Ақтау және Астана қалаларынан да келіп, өз жұмыстарында қолданып жатыр.

Гүлфайруз Естаеваның жетекшілігімен қолға алынған бұл игі бастама бүгінде өңірдегі мектепке дейінгі тәрбие ісінің бағытын түбегейлі өзгертіп отыр. Оның басшылығымен тәжірибелі педагогтер мен әдіскерлер бірлесіп, балалардың жас ерекшеліктеріне сай келетін отандық дамытушы өнімдердің біртұтас жүйесін қалыптастырды.

Бүгінгі бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтарды баланың бойына ерте жастан сіңіру аса маңызды. Біздің өнімдерде осындай ұлттық элементтер толығымен қамтылған; әр өрнекте, әр ойында міндетті түрде қазақтың төл құндылықтары көрініп тұрады, – деді ол.

Жоба авторларының айтуынша, бұл идея балалардың заттық-дамытушы ортасын сапасыз, шетелдік пластик ойыншықтардан тазартып, қазақы ұлттық құндылықтармен байыту қажеттілігінен туындаған.

Экспортпен келетін ойыншықтардың түстері мен сипаты кейде балаларды шатастырып жатады. Ал біздің ойындар баланың санасына дұрыс түсінік қалыптастырады, әрі ерте жастан ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге көмектеседі, – деді идея авторларының бірі Дариға Рамазанова.

Ойыншықтардың барлығын таза ағаш өнімдерінен жасалады. Ол – жеңіл әрі экологиялық таза материал.

Әдіскерлердің сөзінше, ұлттық нақыштағы бұл ойындардың әрқайсысы баланың логикасын, ұсақ моторикасын және екі жарты шарының жұмысын дамытуға бағытталған.

Тараз қаласы, №17 бөбекжай бақшасының әдіскері Меруерт Ахметқызының айтуынша, бұл ойыншықтардың барлығы авторлық патенттелген және әрбір әдістемелік кітапшада QR-код көрсетілген. Бұл ата-аналардың үйде баласымен бірге ойнап үйренуіне үлкен көмек береді. 

Қазіргі балалардың көбі телефонға тәуелді, соның салдарынан сөйлеу тілі кешігіп дамиды. Ал бұл ойындар баланы екі қолымен жұмыс жасауға мәжбүрлейді. Нейрожаттығулар арқылы баланың ми жұмысы жақсарып, сөйлеу қабілеті дамиды, – деді Меруерт Қожайбаева.

Өз кезегінде №18 «Еркежан» бөбекжай-балабақшасының әдіскері Айгерім Даирова да бұл әдістеменің тәжірибедегі тиімділігіне тоқталды. Оның айтуынша, ағаштан жасалған ұлттық ойындар балалардың зердесін ашып қана қоймай, топтағы тәрбие үрдісін әлдеқайда қызықты әрі нәтижелі ете түседі.

Тәжірибемізде бұл жинақтарды қолданғалы бері балалардың ұсақ моторикасы мен ойлау қабілетінің айтарлықтай жақсарғанын байқадық. Әсіресе, ұлттық ою-өрнек элементтері мен нейрожаттығулардың үйлесім табуы балаларды жалықтырмайды, керісінше танымдық белсенділігін арттырады, – деді Айгерім Даирова.

Бүгінде қолда бар шағын цехтың мүмкіндігі шектеулі. Авторлар бұл игі бастаманы республикалық деңгейге көтеруге мүдделі. Жоба жетекшілері отандық өндірісті ұлғайтып, сапалы эко-ойыншықтарды барлық өңірге жеткізу үшін сенімді инвесторлармен және кәсіпкерлермен серіктестік орнатуға толық дайын екенін жеткізді.

Автор
Азамат Қойшығара

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері - kznews.kz сайтының тілшісі.