Абай облысы Бестерек ауылында болған қайғылы жол-көлік оқиғасына қатысты сот үкімі жарияланды. Алты баланы қағып кеткен, эпилепсия дерті бар жүргізуші 9 жылға бас бостандығынан айырылып, ең төмен қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда жазасын өтейтін болды. Қаза тапқан балалардың анасы тағайындалған жазаны тым жұмсақ деп бағалады, деп хабарлайды kznews.kz.
Tengrinews.kz жазуынша, 30 желтоқсанда сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі ("Жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның абайсызда қаза табуы") бойынша кінәлі деп таныды. Сот шешімімен ол 9 жылға бас бостандығынан айырылып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.
Үкім жарияланған сәттен кейін қаза тапқан үш баланың анасы Таншолпан Каримова қатаң мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, төрт баланың өлімі мен тірі қалғандардың тағдырына келген зиян үшін 9 жылдық жаза жеткіліксіз.
"Төрт баланың өлімі үшін бұл тым аз. Ол амнистиямен ертерек шығуы мүмкін. Тірі қалған бір баланы мүгедек етті, екіншісінің аяғын сындырды – бала әлі жүре алмайды. Біз мәпелеп өсірген үш қызымыздан айырылдық. Енді қолымызда тек қайғы қалды", – деді ол.
Сот Таншолпан Каримова мен оның жұбайына моральдық зиян үшін әрқайсысына 15 миллион теңгеден өтемақы тағайындады. Алайда анасы ешбір қаржы баланың орнын толтыра алмайтынын айтып, үкімнің трагедия ауқымына сай келмейтінін жеткізді.
Таншолпан Каримованың сөзінше, сот барысында қорғау тарапы айыпталушыға бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды, соның ішінде үйқамақты ұсынған.
"Олар үйқамақ беруді сұрады, айыпталушы үйден жұмыс істеп, өтемақы төлейді деді. Біз келіскен жоқпыз. Адвокат шартты жазаға да шақырды. Бірақ біздіңше, 9 жылдың өзі аз. Жазаны қатаңдату үшін апелляциялық шағым түсіреміз", – деді ол.