25 тамыздан бастап Қазақстанда электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен қозғалуына тыйым салынды. Бұған дейін самокат жүргізушілеріне аталған аумақтарда сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етілетін, деп хабарлайды kznews.kz.
Жаңа талапқа сәйкес, электросамокат жүргізушілері алдымен велосипед жолы немесе велосипед жолағын пайдалануға тиіс. Олар болмаған жағдайда жол қозғалысы ережелерінде көзделген тәртіппен жолдың оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге болады.
Электросамокатпен көлік жүретін жолға тек 18 жасқа толған азаматтар шыға алады. Ол үшін кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы және қорғаныш дулығасы тағылуы қажет. Ал қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерді пайдалану міндетті.
Сондай-ақ электросамокатпен жаяу жүргіншілер өткелінен түспей өтуге, жолаушы немесе жүк тасымалдауға тыйым салынады. Өткелден өтер кезде жүргізуші самокаттан түсіп, оны қолмен жетектеуі керек.
Прокаттағы самокаттарға қойылатын талаптар
1 шілдеден бастап кикшеринг компанияларына қатысты да жаңа талаптар қолданыла бастады. Енді жалға берілетін электросамокаттар:
тіркеу нөмірімен жабдықталуға;
міндетті сақтандырылуға;
техникалық жағынан жарамды болуға;
жылдамдығы мен орналасқан жері қадағалануға тиіс.
Сервистер пайдаланушының жасын, жүргізуші куәлігінің бар-жоғын және көлік басқару құқығынан айырылмағанын тексеруге міндетті. Жүргізуші куәлігі жоқ азаматтың электросамокатпен көлік жүретін жолға шығуына қосымша арқылы шектеу қойылуы керек.
Арнайы тыйым салынған аумаққа кірген прокат самокатының жылдамдығы автоматты түрде төмендетіліп, кейін оның қозғалысы тоқтатылуы мүмкін.
Ережені бұзған электросамокат жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Алғашқы жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін 2 АЕК (8 650 теңге), бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 10 АЕК (43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Жаңа нормалардың орындалуын полиция мен кикшеринг операторлары бақылайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, өзгерістер жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.