Қазақстанда 10 мамырдан бастап негізгі ҰБТ басталып, ол 10 шілдеге дейін жалғасады. Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, тестілеуге шамамен 240 мың талапкер өтініш берген, ал екі мүмкіндік бойынша өтініш саны 446 мыңнан асқан, деп хабарлайды kznews.kz.
Талапкерлердің 74 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде, 26 пайызы орыс тілінде, ал 851 адам ағылшын тілінде тапсыруды таңдаған. Тестілеу ел бойынша 45 орталықта ұйымдастырылған.
Нұрсейіт Байжанов ең танымал бейіндік пәндер қатарында «Математика-Физика» бағыты көш бастап тұрғанын айтты. Бұл комбинацияны талапкерлердің 17,9 пайызы таңдаған. Одан кейін «Биология-Химия» және шығармашылық бағыттар сұранысқа ие болған.
2026 жылғы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалды. Талапкерлер 3 міндетті және 2 бейіндік пәннен барлығы 120 тапсырма орындайды. Ең жоғары көрсеткіш — 140 балл. Тестілеуге 4 сағат уақыт беріледі, ал ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкерлерге қосымша 40 минут қарастырылған.
Министрлік мәліметінше, ұлттық университеттерге түсу үшін шекті балл — 65, басқа ЖОО-ларға — 50 балл. «Педагогикалық ғылымдар» мен «Құқық» бағыттарына кемінде 75 балл, ал медицина саласына 70 балл жинау қажет.