Өрт бүгін, 16 шілде күні таңертең Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Бородулиха ауданындағы Қамыш кварталында тіркелді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, тілсіз жау сағат 09:45 шамасында тұтанған, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазір оқиға орнында өрт қауіптілігінің бесінші, яғни ең жоғары деңгейі жарияланып, жалынды ауыздықтауға орман күзетінің қызметкерлері, Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт сөндірушілері мен құтқарушылары жұмылдырылған.
Өртті сөндіруге автоцистерналар, тракторлар, арнайы техника мен ондаған маман тартылды. Сонымен қатар жақын маңдағы елді мекеннен және Қатонқарағай ауданынан тікұшақтар жіберіліп, әуеден де бақылау және өрт сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Министрлік өңірде ауа температурасының жоғары болуы мен екпінді желдің өрттің таралу қаупін күшейтіп отырғанын атап өтті.
Еске сала кетейік, 2023 жылғы маусымда дәл осы «Семей орманы» аумағында ірі орман өрті болып, 14 орманшы қаза тапқан еді. Сол қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстанда 12 маусым Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланған болатын.