KZNews.kz
Қоғам

БҚО-да лудоманияға шалдыққан кәсіпорын бухгалтері 118 млн теңге жымқырған

Торғын Абушахман
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

БҚО-да лудоманияға шалдыққан кәсіпорын бухгалтері 118 млн теңге жымқырған, деп хабарлайды kznews.kz.

Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік кәсіпорындардың бірінде аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталды.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, кәсіпорынның лудоманияға шалдыққан бухгалтері компания қаражатын заңсыз пайдаланып, «1Xbet» букмекерлік кеңсесінде бәске тіккен. Оған қоса жымқырған ақшаға автокөлік сатып алған. Салдарынан мемлекетке 118 млн теңге залал келтірілді.

    - Бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде заңсыз иемдену дерегі бойынша ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеуді арнайы прокурорлар жүргізуде. Сот санкциясымен күдікті тергеу изоляторында қамауда отыр. Автокөлікке тыйым салынды, - деп хабарлады ведомстводан.

Өткен жылы прокуратура органдарының қадағалау актісі негізінде букмекерлік кеңселерде бәс тігуге қатысқаны үшін түрлі мемлекеттік органдардың 16 қызметкері жұмыстан шығарылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында 600-дей нысан абаттандыру тізіміне енгізілмегенін жазған едік.

Торғын Абушахман
Торғын Абушахман – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →