Әлеуметтік желі қолданушысы вокзалдың қазіргі жағдайын көрсетіп, «бомба тасталған секілді» дейді, деп хабарлайды kznews.kz.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі бұл жағдайға байланысты түсініктеме берді. ҚТЖ жауабына сәйкес, ҚР Үкіметі қаулысының аясында еліміздегі барлық теміржол вокзалдарында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында Алматы-1 вокзалы да бар.
- Алматы-1 вокзалы – елдің басты көлік тораптарының бірі әрі қаланың инфрақұрылымының маңызды бөлігі. Күніне бұл вокзал арқылы 2,5 мыңнан астам жолаушы өтеді. Нысанға соңғы рет жөндеу жұмыстары 18 жыл бұрын жүргізілген, - деп хабарлады компаниядан.
Сондай-ақ ғимарат пен перронның техникалық жай-күйіне жүргізілген тексеру нәтижесіне сәйкес, нысанның құрылымдарын күшейту және заманауи жайлылық пен қауіпсіздік стандарттарына сәйкес жаңарту қажет екенін мәлімдеді.
Перронның темірбетон платформасы толық ауыстыруды талап етеді. Қайта жаңғырту жұмыстары - вокзал кешенін жаңарту, жолаушыларға қызмет көрсету жағдайларын жақсарту, сондай-ақ нысанның қауіпсіздік пен энергия тиімділігін арттыруға бағытталған. Халықтың қозғалысы шектеулі топтарына қолжетімділікті арттыруға және қазіргі сапа стандарттарын енгізуге ерекше назар аударылған.
Еске салайық, 2019 жылы Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдары қаланың коммуналдық меншігіне өтті.
2023 жылы Алматының бұрынғы әкімі Ерболат Досаев темір жол вокзалдары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына қайтарылатыны туралы мәлімдеді.
2025 жылдың 16 шілдесінен бастап Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына сенімгерлік басқаруға берілді. Kazinform агенттігі мұндай өзгерістен кейін екі нысан қалай өзгеретінін жазды.