Таиландтың Паттайя қаласы маңында жоғалып кеткен 22 жастағы Диана мен оның 17 жастағы інісі Романды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Бірнеше аптадан бері қоғам назарында тұрған іс бойынша тергеу жаңа мәліметтерді жариялап, маңызды заттай дәлелдер анықталған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Диана мен Роман анасымен бірге Паттайяға жақын Бангламунг ауданында тұрған. Отбасы Таиландқа бес жылдан астам уақыт бұрын көшіп келген. Анасының айтуынша, 26 шілдеде таңғы сағат төрт шамасында бауырлар жалға алынған Honda ADV маркалы мотоциклмен үйден шығып кеткен. Олар өздерімен бірге тек ұялы телефондарын және аз мөлшерде ақша алған.
Жоғалып кетер алдында Диана анасына телефоны белгісіз Bluetooth құрылғысын анықтағанын және өзін біреулер аңдып жүргендей сезінетінін жазған. Таңғы сағат 04:26-да оның телефонынан соңғы рет «Urgent!» («Шұғыл!») деген хабарлама келіп, осыдан кейін байланыс үзілген.
Тергеушілер бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеу барысында бауырлардың Ban Amphoe – Chak Ngaew жолымен жүргенін анықтаған. Кадрларда олардың жол бойында белгісіз адаммен шамамен екі минут сөйлескені көрінеді. Кейін олар жолын жалғастырған, ал соңдарынан тағы бір мотоцикл мінген адамның жүргені тіркелген. Осыдан кейін үшеуі де камералардың көру аймағынан жоғалып кеткен.
Бірнеше күннен кейін полиция жоғалған жастар пайдаланған мотоциклді тапқан. Тергеу мәліметінше, көлік толықтай бөлшектеліп, жерге көмілген, ал тіркеу нөмірі бөліктерге кесіліп жасырылған. Осы аумаққа жақын орналасқан су қоймасы да сүңгуірлердің көмегімен тексерілген.
БАҚ мәліметінше, тергеу барысында Понг (Тхану Кэрдтхонг) есімді Таиланд азаматының аты аталған. Оның бұрын адам ұрлау және қаруды заңсыз сақтау істері бойынша құқық қорғау органдарының назарына ілінгені хабарланды. Алайда Таиланд полициясы оның бұл іске қатысы барын ресми түрде растаған жоқ.
Сонымен қатар туристік полиция Панг және Сыа Хой есімді екі Таиланд азаматын ұстаған. Тергеу нұсқасы бойынша, олар жоғалған жастар мінген мотоциклді көміп, негізгі күдіктілердің жасырынуына көмектесіп, қылмыс іздерін жасыруға әрекет жасаған болуы мүмкін. Ұсталғандар тағылған айыптарды мойындамаған.
Қазіргі уақытта Диана мен Романның қайда екені белгісіз. Таиланд полициясы оларды іздестіру және істің барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.