Атыраудағы ауыр қылмыстық іске қатысты жаңа дерек айтылды. Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваның бес баласы бар. Қазір олардың төртеуі облыстағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тұрып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Орталық директоры Құндыз Гиниятова Kursivmedia-ға берген сұхбатында балалардың жағдайы туралы айтты. Оның сөзінше, мекемеге алдымен үш бала 2 ақпан күні жеткізілген. Ал ең кішкентай бала сәуір айында орталыққа орналастырылған.
"Сұлтан мен Ақбаянның 9, 8, 5 және 3 жастағы балалары бізде. Үшеуі қыз, біреуі ұл. Олар болған оқиғадан бейхабар. Орталыққа келген кезде біз оларға ата-аналарың ауруханада деп түсіндірдік. Ал ата-әжесі немерелеріне не айтып жүргенін білмейміз. Олар балаларға келіп тұрады", – деді Құндыз Гиниятова.
Орталық директорының айтуынша, балалардың қазіргі жағдайы қалыпты. Мамандар олардың білім деңгейін орташа деп бағалаған.