Данияр Кесікбаев АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы ең қымбат үйлердің бірін небәрі 10 долларға, шамамен 4800 теңгеге сатып алған. Ол – марқұм Болат Назарбаевтың бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваның ұлы және Малайзияның сотталған бұрынғы премьер-министрінің күйеу баласы. Бұл туралы New York Post басылымы Gimme Shelter жобасына сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды kznews.kz.
Альпайн ауданындағы зәулім үй Нью-Джерси тарихындағы ең қымбат тұрғын үй нысандарының бірі саналады. Жылжымайтын мүлік құжаттарына сәйкес, 2025 жыллғы наурызда Кесікбаев 2 Margo Way мекенжайындағы үйді өз атына рәсімдеген.
Бұған дейін бұл үй 34 миллион долларға сатылымға қойылған. Ал 2012 жылы оны 20 миллион долларға қолма-қол ақшаға аноним компания сатып алған. Басылым дереккөздері бұл компанияны Кесікбаевпен байланыстырған. Сол кезде бұл Нью-Джерси тарихындағы тұрғын үйге қатысты ең қымбат мәміле болған.
Қазір үйдің салықтық құны 35,5 миллион долларға дейін өскен.
Басылымның жазуынша, 2012 жылы бұл үй 20 миллион долларға сатып алынған кезде АҚШ-тағы жылжымайтын мүлікке Қазақстан мен Малайзиядан шығарылған болуы мүмкін қомақты қаржы құйылған.
Үйдің ішінде не бар?
Зәулім үйдің аумағы – шамамен 1,6 мың шаршы метр. Үйде 9 жатын бөлме бар, ал жер телімі 3 гектардан асады.
Ішінде баскетбол алаңы, боулинг, үй кинотеатры, кітапхана, шарап қоймасы, грот, лифт және тұзды суы бар бассейн орналасқан. Аулада тағы бір ашық бассейн бар.