Қазақстан Республикасы Үкіметінің баспасөз қызметі Ернар Хасеновтің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалғанын хабарлады.
Жаңа басшы бұған дейін осы комитетте басшылық қызмет атқарып, энергетикалық қадағалау саласында жұмыс істеген.
Ернар Хасенов кім?
Ернар Хасенов 1987 жылы Павлодар облысында дүниеге келген.
Ол Инновациялық Еуразия университетінде жоғары білім алған. Кейін «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында Ұлыбританиядағы Стратклайд университетінде оқуын жалғастырған.
Еңбек жолын Автомобиль жолдары комитетінің Павлодар облыстық департаментінде бастаған. Алғашқы қызметінде сапаны бақылау және жұмыстарды қабылдау бөлімінің жетекші маманы болған.
2010–2014 жылдары Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде еңбек етті. Осы аралықта сарапшы, бас сарапшы және басқарма басшысы қызметтерін атқарды.
2014–2023 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңсесінде жұмыс істеп, бас сарапшы, бас консультант және бас инспектор лауазымдарында болды.
Кейін энергетика саласындағы қызметін жалғастырып, 2023–2025 жылдары Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаментін басқарды.
2025 жылдың маусымында Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалған.
Енді Ернар Хасенов аталған комитетке төрағалық етеді.
Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті немен айналысады?
Энергетика министрлігіне қарасты комитет электр және жылу энергетикасы салаларында мемлекеттік қадағалау мен бақылауға байланысты міндеттерді жүзеге асырады.
Оның қызметі энергетикалық нысандардың жұмысын бақылау, нормативтік талаптардың сақталуын қадағалау және энергетика саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерімен байланысты.